Асқар. Жоқ! Алла тағала зорлыққа қарсы. Құран Кәрімнің бірінші аяты не дейді? «Бисмиллаһир-Рахман ир-Рахим!» – «Мейірімді, Рақымды Алланың атымен!» Бұл аят қасиетті Құранның басынан аяғына шейін бәлен рет қайталанады. Ал осы аятты қайталай отырып біз қалай ғана мейірімсіз, рақымсыз болмақпыз, а? (осы жерде Асқар Ғабдуррахманға тесірейіп қарайды – ол үндемейді) Мәселен, Аллаһ тағала кәпірлерге: «Сендер менің дінімді, заңымды ұстанасыңдар, ұстанғыларың келмесе де ұстанасыңдар, күшпен, зорлықпен ұстандырам» деген жоқ. Керісінше, Кафирун сүресінде Ол былай деген: «Айт: Әй кәпірлер! Сендердің табынғандарыңа табынбаймын. Сендер де менің құлшылық қылғаныма құлшылық қылмайсыңдар. Сендердің діндерің өздеріңе, менің дінім өзіме». Өйткені Аллаһ мейірімді, рақымды, және де ол бүкіл адамдардың мұсылман болғанын қаламайды. Егер ол соны қалағанда бүкіл адамзат бір күнде, бір сәтте мұсылман болып шыға келуші еді. Мұхаммед пайғамбар да, саллаллаһу ғалайһи уассалам, өз отанында шариғат заңын орнатудың алдында ең әуелі отандастарының ислам дінін жүректерімен, сана-сезімдерімен қабылдауын қамтамасыз етті, және де сол уағыз ұзақ уақытқа созылды – жиырма үш жыл бойғы үгіт-насихат нәтижесінде ислам діні қабылданды. Мінеки, біз де солай істеуіміз керек. Әуелі шариғатты, ислам дінін, оның қағидаларын біздің отандастарымызға уағыздап, насихаттап, түсіндіріп, адамдарды тәрбиелеп, дінімізді жүректерімен, санасымен қабылдауын қамтамасыз етіп еңбектенсек, содан кейін сол адамдар шариғат заңын мемлекет заңы ретінде өздері де қабылдап алады. Мұның бәрі бір күндік жұмыс емес. Егер пайғамбарымыз, саллаллаһу ғалайһи уассалам, Алланың тікелей қолдауымен, ислам дінін уағыздауына жиырма үш жыл уақыт жұмсаса, ал бізге, біздің шектеулі қабілетімізбен, бізге қанша уақыт қажет? Сіздердің алдарыңызға қойған мақсаттарыңыз дұрыс, тек қана сол мақсатқа бір күнде жетеміз деп ойламаңыздар.
Ғабдуррахман. Бәрбір ешқашан, еш заңды бүкіл қоғам, бүкіл халық жаппай қабылдаған емес. Көпшілік қабылдаса неғайбіл. Көбінесе қоғамның бір тобы, және де шағын, кейде ең аз тобы, сол заңды қабылдайды да, қалған топтарды қабылдауға мәжбүр етеді. Кез келген жаңа заң күшпен, зорлықпен орнайды. Ал сол заңдардан шариғаттың не кемшілігі бар? Мәселен, пайғамбарымыз да, саллаллаһу ғалейһи уәссалам, кейбір кезеңдерде қолына қару алуға мәжбүр болған. Осыны білмеймін дей алмассыз.