Жамал. Асқар, сен оны енді тоқтата алмайсың. Мүмкін, кеше ондай мүмкіндік болған да шығар. Ал бүгін тым кеш қалдың. Енді сен өзіміздің қамымызды ойла. Машинаңда бензин бар ма? Әлгі қыз қайда жүр? (соткасын алып қызына қоңырау шалады) Гүлнәр! Сен қайдасың? Ваняның жанында? Қай жердесің деймін! Қалада екеніңді біліп тұрмын ғой! Қалай алаңдамайын, қалай алаңдамайын?! Көрмейсің бе не болып жатқанын! Не? Саған қауіп төніп тұрған жоқ деймісің?! Әй! Әңгімені доғар! Үйге қайт! Кетеміз. Иә, сендер келгенше жолға алатын киім дайындап қоямын. Ал, тезірек қайт. Көшеде байқап жүр, абайла. (соткасын сөндіріп Асқарға қарайды) Не ғып тұрсың? Бар, Берікті мектептен алып кел, Гүлнәр қазір келеді.
Асқар. Жамал… Жамал, тыңдашы – мен қаладан ешқайда кетпеймін… мен кете алмаймын. Дәл қазір, біздің қалаға қауіп төніп тұрғанда, мен ешқайда кете алмаймын. Өзің ойлашы – қалайша мен, бас имам бола тұрып, бәрін тастап, бас сауғалап қашып кетпекпін? Жоқ, мен олай істей алмаймын. Сен де кетпейсің… ешкім ешқайда кетпейді. Мен қазір Берікті әкеліп тастаймын. Сонсоң қыз бен ұлға ие болып үйде отыра тұр. Меніңше, ұзақ отырмассыңдар. Бұл бүлік көпке созыла қоймас. (шығып кетеді)
Жамал. Әй, қайдам. Жүрегім бір жамандықты, бір сұмдықты сезіп тұрған сияқты. Кетпей, қалып қойғанымыз үшін әлі өкінеміз бе, Алла біледі. (соткасымен баласымен байланысқысы келеді, бірақ ол ісінен ештеңе шықпайды) Алло! Алло! Алло деймін! Тү-ү, мына байланысқа не болған, біресе бар, біресе жоқ.
Ол соткасын столға қоя салып сыпырғыш пен қалақ алып келіп әйнек сынықтарын сыпырып жинайды да балконның ішкі есігін жабады. Осы кезде Берік пен Мария кіріп келеді. Беріктің басы бинтпен таңулы.
Берік. (шешесінің жанына жүгіріп келеді, Жамал оны құшақтай алады) Мама! Біз не көрдік – білесің бе?
Жамал. (баласының таңулы басын екі қолымен ұстап зерттей қарайды) Сен не? Қатты жарақаттандың ба?
Берік. (шешесінің қолдарын басынан алып тастайды) Ә! Ештеңе емес! Танк гүрілдеп біздің мектептің жанына келгенде біз терезеден қарап тұрғанбыз, содан ол зеңбірегінен гүрс еткізіп атқанда әйнектер күл болып ұшты да кетті. Сонда бір шынының сынығы маңдайыма тиіп кетті.
Мария. (Жамалға жақындап келіп Беріктің иығына қолын қояды) Жарасы терең емес, сәл ғана сызып өтті. Құдай сақтады.
Берік. Иә, жәй тек сызып өтті. Ештеңе емес. Мен басымды таңбайын деп едім, Мария Петровна болмады. (Марияға қарайды)