Ғабдуррахман. Жалақың аз ба? Отбасыңды асырауға жетпей ме?
Ұры. Жетеді. Отбасы дейтін ешкімім жоқ. Әке-шеше, ағайын-туысым жоқ, мен өзім жетімдер үйінде тәрбиеленгем. Және әлі үйленген жоқпын.
Ғабдуррахман. Онда не керек саған?! Не жетпейді?
Ұры. Білмеймін. (оң қолын көтеріп) Менің ұрлығыма мына қолым кінәлі. Осы қолымнан көретін болдым! Көлік ішінде, базарда, әйтеуір көпшілік ішінде жүрсем болды – дуылдап қышиды-ай кеп. Содан бірдеңе жымқырмағанымша қышуы басылмайды! Не істерімді білмеймін!
Ғабдуррахман. Не істеуіңді сен білмесең біз білеміз. (қазиға) Қандай жаза тағайындайсыз?
Қази. Бұл жігіттің қолын білезіктен шауып тастаңдар. Содан кейін ұрлауын қоймаса екінші қолынан да айрылады.
Ғабдуррахман. Дұрыс! (ұрыға) Жүр, жазайық қолыңның ауруын. Қандырайық қышуын.
Ұры. Ағай! Шаппаңызшы қолымды! Мен енді ештеңе ұрламаймын.
Ғабдуррахман. Иә, иә, мен бұл сөзіңе әбден сенемін. Жалғыз сен емес – қолыңнан айырылғаныңды көрген кез келген адамның енді ұрлыққа баруы екіталай. Сондықан да біз шариғат сотын енгізіп отырмыз. (көмекшілеріне) Не ғып тұрсыңдар? Орындаңдар қазидың үкімін.
Көмекшілері жігітті ойбайлатып апарады да қолын діңге қояды. Жендет балтаны көтеріп, қай жерден шабатынын көздеп біраз тұрады. Жігіт аппақ қудай болып қарап тұр. Жендет балтасын тарс еткізіп түсіргенде, демін ішіне тартып тұрған жігіт айқайлап жіберіп орнынан атып тұрады да, қан саулаған қолын екінші қолымен қысып алып зытып береді. Халық шуласып кетеді.
Бір дауыс. Әй! Тоқтатыңдар әлгіні! Қансырап өледі ғой! Қуып жетіп қолын таңу керек! (бір-екі жігіт ұрының соңынан кетеді)
Екінші дауыс. Оңбағандар! Қанішерлер!
Үшінші дауыс. Қанпезерлер! Хайуандар!
Ғабдуррахман. Ей! Сендер не білесіңдер?! Бұл жігітті біз жазалады деймісіңдер? Жоқ! Оны Аллаһ тағала жазалады! Және бұл жаза Жасағанның рақымы. Бұл жігіт қолынан айрылды, ал оның есесіне шайтанның азғыруынан құтылды. Ол енді ұрлық жасамайды, күнәсін өзінің қанымен жуып-шайып адал өмір сүруге мүмкіндік алды. Иншалла, Аллаһ енді мұның қылмыстарын кешіреді. Өйткені Аллаһ адамды екі рет жазаламайды. Түсіндіңдер ме енді? (көмекшілеріне) Кәні, әкеліңдер келесі қылмыскерді
Қази. Осымен доғарсақ қайтеді, хазіреті шейх? Бүгінгіге жетер…
Ғабдуррахман. О не дегеніңіз! Бұл тек бастама ғана. Халқымыз қылмыс пен күнаға белуарынан батып жүр. Жергілікті түрме істі болған қылмыскерлерге лық толы, қазір онда аяқ басар жер жоқ. Арақ істеп сататындар мен ішетіндер, есірткі тарататындар мен нашақорлар, жезөкшелер мен зинақорлар, құмар ойын ұйымдастырушылар мен ойнаушылар, пара алушылар мен пара берушілер, ақшаны өсімге берушілер мен аңқау еңбекшілдерді алуан түрлі қитұрқы әдістермен алдап байитын арамтамақтар, кісі өлтірушілер мен зорлаушылар, ұрылар мен адам тонаушылар, еркек пен еркек жынысты қатынасқа түсушілер, әйел мен әйел қосылып отбасын құрушылар және сол сияқты түрлі-түрлі азғындар өздерінің соттарын тосып отыр. Осындай қылмыскерлер мен азғындардан арылмай біз нағыз ислами мемлекет құра алмаймыз. Сондықтан ерінбей, шаршамай-шалдықпай, білегімізді түріп алып іске кірісейік.