Төңкеріс. Пиесалар - страница 38

Шрифт
Интервал


Сахнаны прожектордың жарығы тіліп өтіп, ортадағы топқа тіреліп тоқтайды. Барлығы сол орындарында. Кезекші келеді, оның соңында Иван.


Кезекші. Новиковтар! Тұрыңдар! Міне – сендерді алып кетуге келді.

Иван. Мама! Лариса! (шешесі мен қарындасына ұмтылады, сосын, Жамал мен Гүлнәрді танып, таңырқап кідіріп қалады) Гүлнәр?! Жамал тәте?! Сіздер мұнда не ғып отырсыздар?


Гүлнәр жігітпен сөйлеспейтінін білдіріп жүзін теріс бұрып әкетеді.


Жамал. Не ғып отымыз деймісің? Сенің анаң мен қарындасыңмен бірге миналардың үстінде ажалымызды тосып отырмыз. Сендер, нағыз мұсылмандар, бізді, кәпірлерді, не аштан қатырып, не жарып өлтіргендеріңді тосып отырмыз.

Иван. М-м… (қарындасына) Лариса, мен сендердің осында отырғандарыңды бүгін ғана білдім. Бірінші күні қаладан кеткен шығар деп жүргем. (шешесінің жанына тізерлей отыра кетеді) Мама! Мама! (Ларисаға) Мамама не болған?

Лариса. (жылап сөйлейді, дауысында ашу-ыза) Не, көрмейсің бе? Өлейін деп жатқан жоқ па!

Иван. (одан әрі сасқалақтайды) Қалай… өлейін деп? Неге?


Сөзі таусылған Лариса жүзін ағасынан бұрып әкетеді де солқылдап жылап жібереді.


Жамал. Сен осындай сұрақ қоюға ұялмайсың, иә! Неден өлейін деп жатқанын білмейсің бе? Көрмейсің бе, жұрттың қандай мүшкіл жағдайға түскенін? Неше күн болды бұлардың аш-жалаңаш отырғанына? Не су бермейді, не тамақтандырмайды, ауру-сырқаттарға дәрігерлік көмек көрсетілмейді, емшектегі балалар аналарының сүті тартылып қалғандығынан қырылып жатыр. Мүмкін сен осының барлығын білмедім дейтін шығарсың, ә?!

Иван. (Жамалға қарауға, оған жауап қатуға даты бармай, қарындасына) Лариса, мен сендерді алып кетуге келдім. Шейх маған рұқсат берді. Жүр, кетейік. (шешесін көтермек болады, сол жерде Мария ыңырсиды да бүкіл денесі мен аяқтарын созып, қырылдап өтіп кетеді, Иван оны орнына жатқыза қояды)

Лариса. (барлығын түсініп шешесінің үстіне жата кетіп боздап қоя береді) Ма-ма! Мама! Өлмеші, мама! Өлмеші деймін! Ма-ма!

Жамал. (Марияның тамырын ұстап, қайтып кеткеніне көзі жетіп бетін сипайды да Иванға қарайды) Иә, Иван, қайтып кетті шешең. Құтылды бұл дүниенің азабынан.


Иван аяғына тұрып, бас киімін шешіп, тер басып кеткен бетін сүрте бастайды.


Иван. Жо-жоқ! Мүмкін емес… мамам өлген жоқ… есінен танып қалған шығар… (отыра кетіп Марияның көкірегін тыңдағысы келгендей қарындасының иығынан тартады)