Төңкеріс. Пиесалар - страница 4

Шрифт
Интервал


Иван. Қап бәлем, мына қыздың ызасы ма! (орнынан атып түрегеліп қарындасына ұмтылады, бірақ қыз орындықты айнала қашып ұстатпайды)

Лариса. Иә, иә! Сені сүндетке отырғызады. Сосын сенде мы-ына-андай сақал болады! Мы-ына-андай сапсиған сақал!

Гүлнәр. (күлкісін зорға тыйып, қарындасын орындықты айнала қуып жүрген Иванды тоқтатады) Ваня! Лариса! Қойыңдар енді. Мәселе сүндетке отырғызуда емес. Мен папамнан сұрап білейін, ислам дінін қабылдау үшін не істеу керек екенін. Мүмкін сен өзің онымен сөйлесерсің?

Иван. (ентігін зорға басады) Иә! Иә! Дұрыс! Дұрыс, мен Асқан ағамен өзім сөйлесемін. (кетуге ыңғайланады) Ол қазір қайда? Мешітте ме?

Гүлнәр. Тоқта, отыр. Ол қазір қалада жоқ, жол жүріп кеткен. Ертең келеді. Сонда сөйлесесің. Тек оған: «Ислам дінін сіздің қызыңызға үйлену үшін қабылдаймын» деп жүрме. Онда бар шаруаны бүлдіресің.

Иван. Әрине, олай демеймін. Мені мүлдем ақымақ деймісің? Мен өз ықыласыммен мұсылман боламын. Өйткені мен Асқар ағаны сыйлаймын. Сондықтан оның дінін де сыйлауға тиістімін. Ал мамам… мамам қарсы болмайды. Ол бір сөзінде: «Егер мен православие дінінде тумасам, мұсылман болар едім», – деген. Және ол: «Осы екі дінде айтарлықтай айырмашылық жоқ», – дейді. Мамаммен Асқар аға екеуі әрдайым дін жөнінде әңгімелеседі, ал солардың сөз таластырып, бірінің дінін бірі жоққа шығарып жатқанын көргенім жоқ. Сондықтан менің мұсылман болатын шешіміме мамам қарсы келмес. Меніңше, ол мені түсінуге тиісті.

Гүлнәр. Иә, Мария тәте қарсылық білдірмесе жақсы болар еді. Ал енді кетейік, маған университетке бару керек.

Иван. Ал онда кеттік, мен сені жеткізіп тастайын. (екеуі кетеді)

Лариса. Ой, қандай қызық! Мен де ислам дінін қабылдасам қайтер екен? Маған өзі хиджап жараса ма? Киіп көру керек. Осы біздің қалада хиджап сата ма екен? Әлде паранжа киіп аламын ба… (паранжа киген әйелдің жүрісін келтіріп кете барады)

Бірінші көрініс

Спортзал. Ішінде қос-қостап бөлініп, шығыс жекпе-жек күрестерінің бір түрімен жаттығу жүргізіп жатқан жігіттер. Олардың үстінде біркелкі униформа. Барлығы шетінен қара қаба сақалдылар. Олардың арасында бір мосқал адам жүр, ол жаттықтырушы. Ол, кезекпен, бір жұптан екінші жұпқа жақындап келіп, жекпе-жекті тоқтатып ескерту жасайды. Сонан кейін күрес тағы да жалғастырылады. Жігіттер еміс-еміс айқайлап қояды, дауыстары спортзал ішінде жаңғырып тұр. Ғабдуррахман шейх келеді. Оның үстінде шапан, басында ақ сәлде, аяқтарында мәсі. Шейх кірісімен жаттықтырушы күресті тоқтатады да жігіттер Ғабдуррахманға жүздерін бұрып тұра қалады.