Алысқа бармай-ақ қояйық, қасымыздағы «төсекте басы, төскейде малы қосылған» орыс көршіміз, мәселен, өздерін 6 –10 ғасырларда жасаған, древлян, поляндар болып екіге бөлінетін көне ильмендік словен тайпаларының алғашқы бұтағынан екендігін айтып келеді.
Ал қазақтар ше? Қазақтың да бір түнде туып, бір күнде «қазақ» аталмағаны бесенеден белгілі. Шығу тегімізді зерттер этногенез ғылымы біздің бұл пікірімізді толығымен құптайды. Қазақтар да өзгелер сияқты мыңжылдық тарихы бар, Елбасымыз айтпақшы, мәңгілік ел екендігі баршаға аян. Біреу бізге есіміңді білмейсің десе, есі дұрыс па осының деп жатып ашуланар едік. Ал «Қазақ» та біздің есім, ныспымыз емес пе? Оны неге білмеуге тиіспіз?
Сосын Елбасымыз 2012 жылдың желтоқсанында, сондай-ақ Қазақстан халқына жасаған сол жылғы жолдау сөздерінде еліміз даму бағдарламасы бойынша ендігі 2025 жылға дейінгі аралықта алдыңғы қатарлы өркениетті елдер тізімінде 50-ші орыннан 30-шы орынға дейін көтерілуі тиіс деп, «Қазақ елі» деп аталу мәселесін көтеріп отырған жағдайда, осыған орай егер бұйыртып «Қазақ елі» деп аталар болсақ, онда өркениетті еліміздің де, оны құрайтын титулды ұлт түлегі ретінде өзіміздің де неге «қазақ» аталып жүргендігіміздің қыр-сырын білу өзекті мәселеге айналары анық.
«Қазақ» атауының шығу тегінен бейхабарлығымыз әсте де біздің білмейтін білімсіздігімізден емес. Қазақтың білімпаз, білгір, намысқой халық екендігі баршаға аян. Бұл жөнінде бізге ешкім пәлен деп кінә таға алмаса керек. Кезінде бабаларымыз қазақтар туралы білді де, көл-көсір шежіре етіп жазып та қалдырып кетті. Сол деректердің негізінде бұл тақырыпқа кейін қалам тартқан ғалым, зерттеушілеріміз де жоқ емес, бар. Бірақ, бірақ демекші, мәселе сол материалдар жөнінде күні бүгінге дейін ресми ақпарат беттерінде мардымды ештеңе жарыта жазылмай келе жатқандығында.
Кезінде басқаша қимылдауымызға космополиттік ұлт саясатын ұстанған Кеңестік қызыл империя қолбайлау болып, кесірін тигізгені белгілі. Мұны жоққа шығара алмаймыз. Ол дініміз бен ділімізді ғана емес, тіліміз бен тегімізді де ұмытуға итермелегені рас. Себебі бұратана, аз жұрт өз ұлтынан гөрі космополиттік кеңес ұлтының күйін көбірек күйттеуге мүдделі еді. Өйткені ғалым, мамандарымыз күнде жүретін табан жолы мен күнде жейтін үзім нанын таппай қалмауы үшін өз ұлтының тарихын зерттеуден гөрі кеңес өкіметінің тарихын жазуға ұмтылды. Сондықтан