Шежірем сыр шертсе - страница 5

Шрифт
Интервал


деген 4 бөлімнің бас жағында баяндап өттік.

Ер жігіттің үш жұрты: өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты бар болса, бұл үшеуі қазақтың үш жүзі мен жүздерге кірмейтін өзге топтарынан шығуы мүмкін екендігін ескере отырып, Ұлы, Орта, Кіші жүз аталары мен олардың құрамына кірмейтін, бірақ халқымыздың құрамдас бөліктері болып табылатын өзге рулық топтар туралы да 5, 6, 7бөлімдерде қысқаша болса да мағлұматтар беріп кеттік.

Әлбетте, Кіші жүз тақырыбы мен оның рулар бірлестігіне 8 бөлімде біршама тереңірек тоқталдық. Оның ішінде өзіміз өрбитін Әлімұлы бірлестігі бойынша, сөз жоқ, бар білгенімізді ортаға салдық. Оның құрамына кіретін басты рулар мен аталарды түгел атап өттік, оларға қатысты жазылған тарихи деректер мен аңыз, уақиғаларды толық дерлік келтірдік. Әрқайсысының шығу тарихына, алып жатқан жағрафиялық орындарына, кезінде белгілі болған түтін сандарына, таңбаларына жеткілікті түрде тоқталып кеттік.

Басты проблеманың бірі – көп авторлар мұндағы Алты ата Әлім мен Әлімұлы бірлестігіне қатысты түсініктерді, олардың құрамына кіретін аталық атауларын еңбектерінде әлі күнге дейін жиі шатастырып жазып жүр. Осыған орай 9 бөлімде бұл мәселенің жігін ашып, тігісін жазып, дұрыс түсіндіріп, сараптап, сұрыптап жазып беруге тырыстық.

Ал әңгіме Алты ата Әлім мен Әлімұлы жайында болып отырғасын әулетіміз солардың сапынан шыққан аттары алты алашқа әйгілі болған өзінің айтулы ұлдарын білуі керек деп, төртқарадан өрбитін, Самарқанның жеке-дара билеушісі, атақты Жалаңтөс баһадүр мен оның ұрпағы кіші жүздің бас биі, Тәуке ханның бас кеңесшілерінің бірі болған Әйтеке би тарихына шежіреміздің 10 бөлімінде аз-кем болсын тоқталып өттік.

Кете руының тақырыбы 11 бөлімде кеңінен әңгімеленді. Әлімұлына кіретін шөмекей руы, әлбетте, әңгімеміздің басты тақырыбының бірі болғасын шығу тарихына терең де жан-жақты талдау жасай отырып, оны 12 бөлімде етек-жеңін кең етіп бердік. Осы орайда көне де, жаңа да дерек көздерінен мәліметтер келтірдік. Оларды саралап, салыстыра қарау барысында оқырманға ой саларлық, қызғылықты, тың қорытындылар келтірдік. Солардың бірі – шөмекейдің атышулы көне ғұн тайпаларының ұрпағы екендігін дәлелдейтін оның таңбасы шекіліп салынған археологиялық артефактілер, ал екіншісі – Шу өзенінің атауына байланысты жазылған тарихи ақпараттар. Мұнда б.з.б. өмір сүрген