Мейрхан Абдильдин: Өнегелі өмір. Вып. 22 - страница 12

Шрифт
Интервал


1985 жылдың 12 маусымында БССР-дың ҒА физика институтының Д.006.001.002 – арнаулы кеңесінде «ЖСТ-дағы денелер қозғалысының күрделі мәселелерін Фок әдісімен зерттеу» деген тақырыпта 01.04.02 – «Теориялық және математикалық физика» мамандығы бойынша докторлық дисертация қорғадым. Осы кезде Белоруссияда салыстырмалық теориясы және гравитациядан үлкен ғылыми мектеп бар еді. Оның басында академик В.А. Фоктың оқушысы, үлкен ғалым, жақсы адам – БСССР-дың акдемигі Ф.И. Федоров болатын. Сөйтіп жүргенде мен теориялық физикадан Қазақстанда бірінші доктор, бірінші профессор (1987), бірінші ҚазКСР-ның ҒА мүше-корреспонденті, қазақтан бірінші ҚазМУ-дың теориялық физика кафедрасының меңгерушісі болыппын.

Тағы бір жәйт. 1988 жылы жазда мен қазіргі белгілі хирург – академик М.А. Алиевпен Кисловодскіде дем алып, енді Алматыға келсем, қалада ҚазМУ-дың ректорын сайлау өтіп жатыр екен. Мұндай демократиялық сайлауға дүмпу болған М.С. Горбачевтың демократия және жариялылық деген саясаты себеп болса керек. Үміткерлердің (кандидаттардың) ішіне мені де қосып қойыпты. Ол кезде ректордың, проректордың және деканның орнына резерв дайындайтын тәртіп болатын. Мен сол ректордың қызметіне бірінші болып резервте тұрғанмын. Демократияны сақтау үшін мені кіргізбесе болмайды екен. Сонымен не керек ректордың орнына 10 үміткер жиналдық. Біраз сынақтардан өттік. Ақыры ҚазМУ-дың кеңейтілген үлкен ғылыми кеңесіне төрт адам түстік. Ойламаған жерде, тіпті бірінші турда, үлкен басымдылықпен ҚазМУ-дың ректоры болып сайландым. Халықтың көзқарасы осылай болды, ал бастықтардың өкілдері (Орталық комитеттің, обкомның және жоғары білім беру министрлігінің) бірі де мені құттықтамады. Мұның себебі, олардың өздерінің өткіземіз деп жүрген адамдары болған екен.

Менің негізгі ғылыми еңбектерім, жоғарыда айтылғандай, ЖСТ-дағы денелер қозғалысының күрделі мәселелері. Біз осы теориядағы денелердің ілгерілемелі және айналмалы қозғалыстарының релятивтік теңдеулерін негіздедік. Эйнштейннің гравитациялық теориясының механикасының мәселелерін зерттеудің жаңа әдістерін бердік. Жалпы салыстырмалық теориясындағы денелер қозғалысының адиабаттық теориясын құрдық. Дененің өз өсінен айналысы жөніндегі мәселені зерттеуде гидродинамикалық аналогияны пайдалануға болатынын көрсеттік. Эйнштейннің жалпы салыстырмалық теориясының негізгі күрделі мәселелерінің бірі: өз өсінен айналатын екі денеден тұратын жүйенің қозғалысы туралы есепті шештік. Бұл жолда белгілі асимптоталық жуықтау теориясын кеңінен пайдаландық. Гравимагнетизм гипотезасын кіргізіп, жалпы салыстырмалы теориясындағы Эйнштейннің белгілі теңдеуінің интерпретациясын өзгерттік «On Interpretation of the Einstein Equations in General Relativity» (Gravitation & Cosmology6 Vol.5 (1999), No.3 (19). Pp. 219-221).