Мейрхан Абдильдин: Өнегелі өмір. Вып. 22 - страница 5

Шрифт
Интервал


Осы мектепте 3-кластан 8-класқа дейін оқыдым, ең үздік оқушы болмасам да, әр уақытта үздік үш оқушының ішіне енетінмін. Бұл жағдайдың өзінше сыры болушы еді. Әкеміздің бар арманы: балаларым жақсы оқыса дейтін. Өзі – Май ауданының қырдағы малының мал дәрігері. Айына үйге екі-үш күнге ғана келуге уақыты болатын. Сондағы бірінші сұрайтыны біздің оқуымыз. Ал біз өз кезегінде әкемізді ренжітпейік деп жақсы оқуға тырысатынбыз. Анамыз да әкеміздің беделін жоғары ұстауға тырысатын еді. Әкеміз анамызға: «оқу деген – балаларға үлкен сын, үлкен жұмыс. Бұлар жақсы оқиды. Сол себептен, сен балаларды анау-мынау үйдің жұмыстарына жұмсай берме. Үй жұмысы, мал жағдайы екеуміздің ісіміз. Балалар дем алсын», – дейтін. Осы сөзді жақсы ұғып алған мен, сабақты жақсы оқуға тырысып, қалған жағдайларда үй шаруашылығымен айналыспай, көп бос жүргенді ұнататынмын. Біздің ауылдың алды өзен мен тоғай болатын, сондықтан мен үшін бос уақыт ауадай қажет болатын.

Анамыз – оқымаған адам еді. Сол себепті де біздің оқуымызға мүлде басқаша қарайтын. Бұл кісінің ойынша, миды шірітіп кітап оқығанша, үйге пайдасын тигізгер жұмыс істеген дұрыс дейтін. Бірақ мен шіркін, әжемнің бауырында тәрбиеленген еркесі едім, әкемнің айтқаны есімде болғандықтан, анамызды онша тыңдамайтын едім. Біздің анамыз жақсы әнші болатын. Қыс кешіне, маздап жанған пештің алдында отырып ән салушы еді. Мен бұлардың әніне киіп кетіп, кейде бұзып, сөгіс еститінмін.

Қазір жас ұлғайып, 63-ке келгенде, кеш те болса, қайран анамның маған сыйлаған дауысы мен әніне рахмет айтқым келеді.

Анамыздың тағы да бір қасиетін айтайын. Бұл кісіде көре алмаушылық жоқ еді, біреудің қуанышына қуана білетін. Осы қасиеттерін де ағамыз екеумізге берген сияқты. Ғылымда жарыс, бақ сынау кездесіп тұрады. Осы жағдайда адам жеңіске ие болу үшін көре алмаушылықтан аулақ болуы керек. Әке-шешеміз қиындыққа төзе де, жеңе де білетін адамдар еді. Екі баласын да осы жолда тәрбиелеуге тырысты.

1952 жылы Май ауданы Қазақстан орта мектебінің 8 класын бітірдім. Жазда ауылға С.М. Киров атындағы ҚазМУ-дың философия факультетінің 3 курс студенті ағам Жабайхан демалысқа келді. Келе сала ол менен: «Кім болғың келеді?», – деп сұрады. Мен оқуды жақсы оқушы едім, сондықтан, әжептеуір болып маңғазданып: «Мен ақын немесе тарихшы болғым келеді» – деп, өзімнің жазған кейбір өлеңдерімді көрсеттім. Бір мезгілде ойламаған жерден: «Ой, боқмұрын, сенің мына жазған өлеңдерің түкке тұрмайды. Ақын боламын, тарихшы боламын деу сандырақ. Біле білсең: ғылымның тұзы – физика, қалғандары – нөл», – деп, менің быт-шытымды шығарды. Әкем болса үлкен ұлын жақтап, «Мейірхан, бос сөзді қойып, физик болу керек» деп ағам екеуі шешім қабылдады. Бұл бұл ма, мені өзімнің үйреншікті мектебімнен айырып, мұғалімдері жақсы деп, Ертістің арғы жағындағы басқа аудандағы он жылдық мектепке жіберетін болды.