Дерт - страница 2

Шрифт
Интервал


– Айгүл қызымыздың бүгін туған күні екен, құттықтап қой, қу бала, – деп апайы бұл балаға сүйсіне қарап жымиды.

Бұл топтағы балалар «Қазақ халық аспаптар бөлімінде» оқиды. Мұнда – домбыра, қобыз, сырнай, саз сырнай, сыбызғы, жетіген сияқты аспаптарда ойнап үйренеді. Сонымен бірге оқушылар музыкалық теория пәндерін бірге алып жүреді. Теория пәндеріне – сольфеджио, музыка теориясы, музыкалық әдебиеттер (Шетел музыка әдебиеті, Орыс музыка әдебиеті, Қазақ музыка әдебиеті және Кеңес дәүірінің музыка әдебиеті), гармония, полифония кіреді. Бұл пәндерді толық меңгерген оқушы ертең жақсы маман иесі болып шығады. Бақыт тәтенің алдында дәріс алып отырған оқушылар екінші курс студенттері. Сольфеджио пәні төрт жыл бойы, яғни оқу аяқталғанша созылады, ал басқа пәндердің өзінің оқу мерзімдері бар. Мысалы, музыка теориясын бірінші курста, гармонияны екінші курстан бастап оқиды. Бүгін оқушылар Гармония пәнінен дәріс алып отыр.

– Балалар, есімізге түсірейік, гармония деген ұғым нені білдіреді!? – деп оқытушы

оқушыларға қарады. – Кәне, Нұрлан, сен айта ғой.

– Гармония деген сөз – үйлесімділік – деген мағнаны білдіреді. Мысалы, бір дауысқа жазылған әнді екі, үш, төрт дауысқа салып, дыбыстарды үйлестіру арқылы айтуға болады. Немесе, бір дауыста берілген әнге сүйемелдеу партиясын жазып шығаруға болады.

– Жарайсың Нұрлан, отыра ғой. Ал енді мына бір дауыста берілген әуенді, Мәншүк қызым, тақтаға шығып жаза ғой, – деді де апайлары балаларға қарап, – ал сендер мына әуеннің тональдығын, оның құрамын және қай үндестіктен басталып қай үндестікке аяқталатынын анықтаңдар, – деп Бақыт тәте тақтаға қарады.

Балалар тақтадағы әуенді дәптерлеріне жазып алды да талдай бастады.

– Ал Мәншүк, бұл әуенді өзің талдап шық.

– Бұл әуен ре мажор тональдғында жазылған. Кілт қасында екі диез белгілері бар – фа-диез және до-диез. Әуен негізгі ре дыбысынан басталып, сол негізгі дыбысқа аяқталады.

– Негізгі дыбысты не деп атаймыз және қандай әріппен белгілейміз? – деп оқытушы балаларға қарады да, – сен айта ғой Қайрат, – деді.

– Бұл дыбысты, бұл дыбысты… – деп Қайрат күмілжіп, басын сипап тұрып қалды.

– Сен сабақты көп жібересің, оның себебі неде? – Апайлары Қайратқа қарап қатулы түрде үн қатты.

– Апай, ол ақша төлеп оқиды, сондықтан, ақша төлесем болды, диплом аламын деп ойлайды, – деді жанында отырған Дәулет.