– Ало! Аймен, халдарың қалай, жақсы ма? Мен Алмамын ғой.
– А, Алма! Аманбыз, халымыз жақсы. Өздерің қалайсыңдар? – деп, телефонның тұтқасынан Аймен абысынының дауысы естілді.
– Жақсымыз, рахмет. Мен Бақыттың жағдайын айтайын деп қоңырау шалып тұрмын.
– Оған не болды, аманшылық па? Ана жолы сөйлескенде ештеме айтпап еді, – телефонның тұтқасынан шыққан Аймен абысынының дауысы бір түрлі естілді. Ол кісі қорқып қалған тәрізді.
– Бақыт сіңілің ауырып жүр екен. Оны Алматыға апарып, жақсы дәрігерлерге қаратпаса болмайды. Мына жерде қанша рет сараптама өткізсе де учаскелік дәрігер дертін табар емес. Және де біздің ауыруханаларда айтарлықтай жағдай да жоқтың қасы. Еліміздің қазіргі жағдайын өзің де білесің. Енді Алматының аты Алматы ғой.
– Алма, телефон шалғаныңа рахмет. Осы жуық арада Талдықорғанға бұйырса барып қалармыз. Аманшылық болсын әйтеуір. Тағы да рахмет саған, сау болыңдар, – деді Аймен апай дауысы қобалжып.
– Сау болыңдар, бәріне сәлем айт – деп, Алма тәте телефонның тұтқасын қойды.
Осы жерде айта кетейін, Аймен тәте сіңілісінен бес жас үлкен. Ол кісі 56-да, ал Бақыт тәте 51-де. Бұл кісілер бір әке, екі анадан тоғыз еді. Ералы деген ағалары домбырашы болған екен, ол кісі 20 жасында ауырып өмірден озыпты. Ал басқалары, Құдайға тәуба, аман-есен ел қатарлы жүріп жатыр. Нұралы аға жолдасы Наушарбану тәте (балалары – Айымжамал, Айгерім, Жанғазы, Әділғазы, Әйкен, Ералы), Сердалы аға жолдасы Дәриға тәте (балалары – Ләйлә, Нариман). Осы кісілер бала-шағаларымен Жансүгір ауылында, ал үлкен әпкесі Қайшаш тәте жолдасы Болат аға (ұлдары – Марат, Азатбек, қызы – Сәуле) және інілері Нұрғазы жолдасы Меңзипа (балалары – Гүлекен, Азамат, Алма) мен Сәбит жолдасы Аққадиша (балалары – Еламан, Лаура, Елдос) өз отбастарымен осы қалада тұрады. Ортаншы інісі Серікқазы (Сергей атанған) жолдасы Мәкен (балалары – Жанар, Динара, Бота) Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласында тұрады. Кеңес дәуірінің кезінде Аймен әпкесінің ортаншы ұлы Серік Ленинград (қазіргі санкт Петербург) қаласында ЛИТМО – ны ойдағыдай бітіріп, Бішкек қаласына жолдамамен жұмысқа тұрған. Кейіннен ол өз кәсібін ашып, жұмыссыз қалған Сергей ағасы мен бауыр-қарындастарына жұмыс беріп, өз қанатының астына алды. Бұл кісілердің анасы Бұлжан апа, кенже ұлы Сәбиттің қолында 96 жылдың науырыз айының 27 жұлдызында, 81 жасында бақилық болды. Ал Бақыт тәтенің қайын жұртына келетін болсақ, жоғарыда айттым, жолдасы Кәдірхан Бәкейұлы 1994 жылы мамыр айының 19 күні дүниеден озған деп. Одан сегіз жыл бұрын, яғни 1986 жылы мамыр айының 10 күні, осы әулеттің тірегі болған атасы – Бәкей Жидебаев ақсақал мәңгілікке көзін жұмды. Ол кісі кезінде «Чапай» атындағы колхоздың басқармасы болып, колхозын биік дәрежеге жеткізген және қол астындағы шаруашылығын ғана ойламай, колхозшылардың да жағдайларын жасап отырған. Мысалы, ауыл тұрғындары мәдениетті түрде демалсын деп, ауылдың орталығына киноклуб салдыртады. Ол клуб та «Чапай» атында болады. Осыдан кейін ол кісіні «Жаңа қоғам» колхозына басқарма етіп тағайындайды. Колхоз «Қапал-Арасан» ауылында орналасқан. Бұл колхозды да жоғары дәрежеге жеткізіп, колхозшылардың тегін емделулеріне жағдай жасап, санаторий салдыртып береді. Өкімет Бәкей Жидебаев атаның еңбегін жоғары бағалады. Бәкей ата да, ғұмырлық жолдасы Зағила апа да өте кең, кішіпейіл адамдар болды. Бұл кісілердің шаңырақтарының астына симаған ел жоқ.