Менің әкем Смағұл досына өзінің ең кіші қарындасы Мәмиланы екінші әйел орнына, тоқал есебінде Малайға береді. Ол кезде Малай ата елуге толған екен. Әкемнің шешесі Дайра: «Қызымды үлкен кісіге бермеймін», -деп жатып алыпты.
Малай амандасып, сөйлесіп келгенде әжеміз басын көтермепті дейді. Лажысыз Малай аттанып кетеді. Күн кешке жақын екен. Малай аттанып кеткеннен кейін қыз Мамиля: «Япырмай, әлгі Малайды қасқыр жеп қояр ма екен?» – деп далаға атып шығыпты. Сонда Дайра әжеміз: «Е, мен бермеймін деп жүргенде мына қыз ықыласын аударып жіберген екен ғой. Олай болса ұлықсатымды бердім, бара берсін», – депті. Сөйтіп 16 жастағы қыз Мамиля өзінен көп үлкен Малайға ұзатылыпты.
Мамиля жаспын демей, Малай атаның үйінің шаруасын дөңгелетіп әкеткен көрінеді. Бастарына бас қосылып, мал шаруалары көбейіп, хал-ауқаттары қалыпқа келіп, ауыл ішіндегі бір әлді, қуатты отбасыға айналыпты. Мен бала кезімде көргенде ол үй үлкен алты қанатты киіз үй, шилері қызыл кестелі, желбаулары әдемі шоқты гүл сияқты, туырлықтары бүтін, ою жапсырылған, үлкен алты қанатты үй болатын.
Қазір ойлаймын, сол уақтағы әлді бай қазақтардың киіз үйі осындай болған шығар деп.
Мамиля тәтеден туған екі бала шетінеп кетіпті. 1936 жылы Бөдес аман-есен туып, шаңырақты қуанышқа бөледі. Бөдес туысымен асыраған бәйбіше Балсары апа. Ал кішкентай Бөдес: «Мен Балсары ападан тудым, нағашым Тоққожа» – дейтін.
Балсары апа Бөдестен бастап онан кейінгі балаларды өзім таптым деп, өзі асырады. Қартайған шағына дейін немерелерді, шөберелерді де әлдилеп, өсіруге көмектесті. Кішкентай Сыдық мектепке барғанда алғашқы мұғаліміне: «Менің фамилиям – Балсаринов» – депті. Балсары апа қартайып, 80-нен асып қайтыс болды. Балсары апаны әлі кетіп, қартайған шағында Мамиля тәте шешесіндей күтіп, о дүниеге шығарып салды. Бөдестің артынан екі жас кіші Кеңес, онан соң Сыдық, үйдің ең кенжесі Айман туды.