Сөнбес сезім - страница 7

Шрифт
Интервал


– Қойшы әрі, сен де неше түрліні айтады екенсің! Одан дағы тезірек үйге барайық, үйде істейтін шаруа көп – деп Медет ақсақал аяқтарын ширағырақ басып өз ауласына кіріп кетті.

Сонымен, той күні де жақындап қалды.

Нүрилә апай балаларымен ақылдасып, тойды өз үйлерінде өткізетін болып шешті. Тойдың болғанынан да боладысы қызық қой, бәрі мәре-сәре болып тойдың қамында жүр. Апайдың ұлдары мен келіндері еңбек демалыстарына шығып аянбай еңбектерін сіңіріп жатыр. Ал ол кісінің қыз-күйеуі тойға екі-үш күн қалғанда келеді.

Медет ақсақал «Күлтәй» деген есімді естігеннен бері Нүрилә замандасымен жеке сөйлесуге зәру болды. «Жә, не де болса тойдан кейін сөйлесейін» деп, өзін сабырлыққа шақырды.

Той ертең деген күннен бастап сырттағы туған-туыстар Нүрилә апайдың үйіне келе бастады. Апайдың үйі үлкен, ауласы кең. Аулада көлеңкесін кең жайған биік-биік ағаштар өсіп тұр. Міне осы ағаштардың көлеңкесіне ұзын-ұзын стөлдер қойылып, дастархан жайып келіндер, көрші келіншектер тыным таппай жүгіріп жүр. Нүрилә апай сырттан келген қонақтарын қарсы алып, көлеңкеде өңгіме-дүкен құрып отыр. Бәрінің көңіл-күйлері көтеріңкі. Күн еңкее мал сойылады. Ертең күн жұма, қонақтар түскі үшке шақырылды. «Ертең күн ашық болса екен, жаңбыр жаумай, жел соқпаса екен» деп, Нүрилә апай да, осы отырғандар да іштей тілеп отыр.

Нүрилә апайдың қыз-күйеуі кеше келді, олармен бірге апайдың жиен немерелері де келіп апайды қуантты. Апай бұларды көріп, қуанып бір жасап қалды. Бұдан асқан бақыт бар ма ана үшін!

Той күні де келіп жетті. Балалар болса түрлі-түсті шарларды үрлеп, ағаштардың бұтақтарына іліп, мәз болып жүр. Арасында бір-бірімен жарысып ойнап кетеді. Нүрилә апайдың Талғат немересі басқа немерелеріне қарағанда зерек болып жаралған. Жаңағы ілген шарларға қарап, жайылып тұрған дастарханға қарап, «мұнда бір нәрсе жетіспей тұр, – деп, ойланып тұр. Бір кезде – алақай, таптым!» – деп, қуанып жүгіріп кетті.

– Нені таптың? – деп, басқалары оның артынан жүгірді.

– Апа, апа! Әжемнің отыратын жерін ерекше сәндеуіміз керек шығар? – деп, Талғат өзінің анасының қасына келді.

– Әрине, балапаным, табылған ақыл, «асыл тастан, ақыл жастан» деген нақыл сөз бар емес пе?! Кәне, өздерің ойлап табыңдар, – деп, Талғаттың анасы өз шаруаларымен айналысып кетті.

Ал балалар болса шеткерірек барып, дөңгелене тұра қалды. Олардың не айтып жатқандарына ешкім аса мән бере қоймады. Нүрилә апайдың немерелерінің ересектеуі: