Рәбиғаның махаббаты - страница 2

Шрифт
Интервал


Осы кезде бұлардың үстіне адымдай басып Қалаубай кіріп келеді. Соңында Ұлықпан мен Айжан. Қалаубай сол адымдаған күйі төрдегі үстелдің жанындағы орындыққа – өзінің тиесілі орнына – барып жайғасады. Айжан не істерін білмей есік аузында состиып тұрып қалады. Жылап тұр.

Қалаубай /отырып жатып/. Ал, қане, Құдайбергенова, сен айтшы, былай дұрыстап. Не болды, қалай болды өзі? Қане, берірек жақында, былай ортаға қарай… Жылама. Жылағанмен қазір іс бітпейді. Қане, құлағымыз сенде…

Айжан. Біздің класта соңғы сабақ жүріп жатқан… /Ол сөзін әрі қарай жалғай алмай еңіз-теңіз болып жылап қоя береді/

Қалаубай. Құдайбергенова, жылама деймін. Жылағанмен іс бітпейді дедім ғой. Түсінсеңші, қарағым…

1-мұғалима./Айжанның жанына барып, құшақтап, шашынан сипайды/. Қой, босай бермеші, айналайын. Бәрімізге де оңай тиіп тұрған жоқ. Қанеки, білгеніңді, көргеніңді айта ғой . Жұрттың бәрі сені тосып тұр ғой…

Қамқа /күрсініп/ Қайтсін, қатар жүрген құрбысы ғой. Екеуі егіз қозыдай еді.

Айжан /арасында көзінің жасын қолымен сүртіпқойып/ . Роза апайдың сабағы болатын. Кенет есік ашылды да, іле-шала ар жағынан Мадрид ағайдың басы қылтиды. «Роза, бір минутқа бері шығп кетіңізші» деді ол.

Қалаубай. Иә, сонан соң…

Айжан. Роза апай түсіндіріп тұрған сабағын тастап, дәлізге шықты. Класта отырғандықтан біз олардың не жөнінде сөйлескенін естіген жоқпыз. Сәлден соң роза апай класқа қайтіп кірді. Қолында бір жапырақ қағаз. Өңі өрт сөндіргендей болып кетіпті. «Жанұзақова, сен не бүлдіріп жүрсің?» деді ол есіктен кірер-кірместен Рәбиғаға шатынай қадалып. Менің қасымда отырған Рәбиға орнынан ұшып тұрды. Кластағы балалардың бәрі оған қарап аң-таң аңтарылып қалды. Мен де көзімнің қиығын салдым, Рәбиға қып-қызыл болып кетіпті, саусақтары дір-дір етеді. «Қазір сабақтан соң жеке қал, біз бұл мәселені талқылаусыз қалдырмаймыз. Отыр!..» – деді апай оған жек көре қарап.

Қалаубай. Иә, сосын Рәбиға класта қалды ма, жоқ әлде шығып кетті ме?

Айжан. Рәбиға дір-дір етіп, орнына қайта отырды. Сол отырғанан қашан сабақ біткенше қыбыр етпестен қақшиды да қалды. Түрі кісі аяғандай: көздері мөлт-мөлт етеді.

Сабақ біткен соң балалар үйді-үйлеріне тарай бастады. Мен Рәбиғаны жалғыз тастап кете алмай, есіктің алдына – дәлізге шығып күтіп тұрдым. Іштен апайдың ашулы даусы естіліп жатты. Мен былайырақ ысырылып тұрдым, өйткені біреулердің әңгімесіне тыңшыға ұқсап сырттан құлақ түрген ұят сияқты. Осы кезде дәлізде мектептің үй сыпырушысы Жамал апай еден жуып жүрді. «Әй , қыз, сен неменеге қақиып тұрсың, қайтпаймысың?» деді ол маған дәліздің ана басынан айқайлап.Мен не айтарымды білмегендіктен, үндемей тұра бердім. «Мына қыздың тілі байланып қалған ба, қара тігілгір!…» деді ол кісі күңкілдеп…