Ау, сендердің не жазықтарың бар соншалықты? Әлде…
Ақмарал: /ентігін баса алмаған қалпы/ Жазығымыз – демонстрацияға қатысқанымыз. Құдай біледі, қиянатымыз жоқ. Ағатай, бізді қуып шыға көрмеңізші…
Баймырза: Қой, жылама , қалқам. Қыстың көзі қырауда жетім торғайдай пана іздеп келген екенсіңдер, олай болса, мен сендерді қуып шыға алмаспын. Тәуекел…
Ақмарал: Алла разы болсын, аға!..
Қайсар: Рахмет…
Баймырза: Ал, шешініп, былай шығыңдар. Жаурап та қалған шығарсыңдар.
Ақмарал мен Қайсар шешіне бастайды. Осы кезде біреу сырттан есіктің тұтқасын бұрайды да, оның жабық тұрғанын көргеннен кейін, шар еткізіп қоңырауды басады. Екі жас қонақ шошып кетіп, үрписе қалады. Ақмарал жаутаңдап, үй иесіне қарайды.
Баймырза: Қорықпаңдар. Қане, былайырақ тұрыңдар, есікті ашайын, бұл дәу де болса, осы үйдің кемпірі шығар.
Сыртқы есік ашылады. Есіктің көзінен үстіне шалының тонын желбегей жамылған талшын көрінеді. Қолында – қоқыс салуға арналған пластмасса шелек.
Талшын: Ойбай-ай, масқара!.. Көше толы – солдат, мілитса. Алаңға жиылған жастарды қуып жатқанға ұқсайды. Әлгі көктігілгір мусор салатын контейнерді домуправ төменгі көшенің қиылысына апарып тастапты, ауланың сәнін бұзады деп. Әзер жеттім. Біреу-міреу қағып кете ме деп, зәрем ұшты –ай тіпті.
Баймырза:/сыртқы есікті кілттеп жатып/ Ә, қартайсаң да жан тәтті, ә, кемпешка?!
Талшын:/тонын шешіп жатып/ Е, тәтті болмай! Қартайған адамға жан керек емес пе екен?..
Кенет Талшынның көзі бір шетте не істерін білмей тұрған екі жасқа түсе кетеді.
Талшын: /шошып кетіп/ Ойбай, көтек!… Мына балалары кім тағы?..
Баймырза: /әзілдеп/ Бұл сенің нағашыларыңның балдары. Жұрағаттарың.
Талшын: Қайдағы нағашы?.. Менде нағашы бар ма еді?
Баймырза: Ілгеріде Қытайға ауып кеткен нағашыларымыз бар деп жүретін едің ғой. Солардың үрім-бұтақтары болар.
Талшын: Қойшы әрі, кісінің жынын келтірмей. Ата сақалың аузыңа түссе де, әзілің қалмайды-ау. Одан да жөніңді айтпаймысың.
Қайсар: Апай, біз…
Баймырза: Бұ балдар әлгі өзің көрген жан алғыш солдаттардан қашып жүрген көрінеді. Демонстранттар. Алаңнан қашып шығыпты.
Талшын: Ойбай-ау, алаңнан қашып шықса, бізде несі бар, үйлерне бармай ма?!
Баймырза: Әй, кемпір, сен де қызықсың-ау, сол үйлеріне жете алмаған соң осында келіп отырған жоқ па? Бізге тамақ асырау үшін келіп отыр деп пе едің?..