Нұрсұлу (көздері жайнап). Да-да, «Империя» – ресторан европейского класса! Ничего не скажешь – очень шикарная штучка!
Тойболды. Міне-міне айтқаным айдай келді. Өйткені мына бар ғой, менің зайыбым бірдеңеге қатты риза болса, немесе керісінше қатты қапаланса, осылайша орысша шүлдірлеп қоя береді. Ал дәл қазір ол кісі қатты риза болып тұр. Ендеше, бүгін сенің мақтануыңа әбден болады, Айдар Сейтқалиевич!
Гүлден(ерекше әсерленіп) Да, действительно, все классно! Супер!..
Айдар. Рахмет-рахмет.
Ұлжалғас. Ау, қадірлі меймандар! Енді отырайық. Мен білетін Айдекең болса, сіздер қанша мақтауын келістірсеңіздер де, ол жуық арада «қой» деп айта қоймайды. Сондықтан енді дастарханға жақындайық.
Айдар. (басын шайқап). Әркімнің бір жауы бар деген, а-а…
Бәрі қобырласып-жабырласып, орындықтардың аяқтарын дырылдатып, жұп-жұптарымен дастархан басына жайғасады. Болат келіп, шешесінің құлағына сыбырлайды.
Ұлжалғас (Болатқа).Жарайт, бара ғой. Бірақ тым кешікпе.
Болат. Кешіксем, «звондаймын» ғой.
Болат сыртқа бет алады.
Айдар(Болатқа). Әу, жігітім! Мына қонақтар сенің құрметіңе келіп отыр ғой.
Болат (артына бұрылып). Пап, мен қазір келем.
Айдар. Сенің қазіріңді білеміз ғой. Тағы да сол Жалғасбаеваға «свиданиеге» кеттің бе?
Ұлжалғас, Ту-у, сен де бір… Баланы кісілердің көзінше ұялтпай, жайыңа қарап отырш!.. Қазір біраздан соң келет.
Айдар (кекетіп). Иә, қазір жүгіріп келе қояр. Білеміз ғой о баланың жайын.
Болат кетеді.
Ұлжалғас.(Айдарға бұрылып, сұрақты жүзбен). Қартайғанда қандай шал болар екенсің?
Айдар. Қандай шал болам… Кәдімгі нормальный шал болам да.
Ұлжалғас. Қайдам, Құдайдың құтты күні мазамызды май ішкендей қылып отырмасаң… Ал, жолдастар, енді тамадамызды сайлап алып, мына шағын тойымызды әрі қарай жалғастырсақ… Егер сіздер қарсы болмасаңыздар, менде мынадай ұсыныс бар – тамадамыз Тәкең, Тойболды болсын деген. Кәне, осы ұсынысты қолдайтындарыңыз қол көтеріңіздер.
Бәрі қолдарын көтереді.
Қарсы, қалыс – жоқ. Тәке, бірауыздан бастық боп сайлануыңызбен құттықтаймын! Ендігі сөз кезегі – өзіңізде.
Тойболды. (тамағын қырнап). Мынау өзі аяқ астынан қызық болды ғой… Бірақ енді бір жағынан дұрыс та сияқты. «Сағынайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба» демекші, мен енді жан досым Айдекеңнің туған күнінде асаба болмағанда, қайда болам. Олай болса, не десем екен?..