Жарғақбас, Қылкеңірдек, Шибұттың шым-шытырық хикаялары - страница 10

Шрифт
Интервал



***

Тескентау өткелі аузында біздің үш қарақшы шайла тігіп жатқанына біраз уақыт болды. Белдерінде – басы кішігірім қауындай жұмырлап жонылған ағаш шоқпар. Тескентаудың биігіне кезек-кезек шығып, жол қарайды.

Үшеуі күні бойы жол аңдып, қатты жалықты.

– Фу, ішіміз пысып кетті ғой! Кәне, бір ермек табайық, – деді Шибұт.

– Қандай ермек?

– Мәселен… – басын қасып тұрып сайда жайылып жүрген есектеріне көзі түседі. – Ау, анау есектерімізді жарыстырып ойнайық.

Қылкеңірдек мойнын созып жолға қарап:

– Ақыры бүгін аңдыған жемтік-саудагерлеріміздің келмейтін түрі бар. Онда сөйтсек-сөйтейік.

Үшеуі сайда жайылып жүрген есектерін жетектеп, қара жолдың үстіне әкеледі. Үш есекті қатарынан тұрғызып жолға қаратады да, қолдарындағы шыбықтарымен олардың бөкселерінен салып-салып қалады.

– Ы-һы! Ы-һы! Кәне шабыңдар!..

Бірақ есектерінің орындарынан қозғалатын түрі көрінбейді. Жондарына батқан шыбықты да елемей, есектік мінездеріне бағып, тұқырып бір орында тұрды да қойды.

– «Жүгі жеңіл есек жатаған келеді» дейді. Енді қайтеміз, ә?

– Бұларды қалай жарыстырамыз?

– Қандай амал бар?

 Е, тап-тым! – деді Қылкеңірдек. – Қожанасыр әпендінің есегін қалай жүргізгенін білесіңдер ме?

– Қалай?

– Алдына шөп байлап қойып жүргізеді ғой.

– Оп, бәрекелді! Біз де сөйтейік!

– Сенің де таппайтының жоқ! – деді Жарғақбас.

Үшеуі сайда өсіп тұрған қара талдың қураған ұзын бұталарын сындырып әкеліп, оларды есектерінің мойындарына байлады. Есек-терінің бастарынан асып тұрған бұтаның екінші басына дайындап қойған құрақ шөптің бір-бір шөмелесін байлап қояды. Сөйтіп, есек-терінің басын қоя беріп еді, есектері шөп жеймін деп бастарын созып дедектеп жүріп кетті. Үшеуі шайлаларының астында жатқан күйі қарқылдап күліп, есектерін қырдан асқанша көздерімен шығарып салды.

– Иә, олар қайда кетер дейсің, иелері біз емеспіз бе, қайтып келер.

– Дұрыс, «Ат айналып қазығын табар» деген, ерте ме, кеш пе қайтып оралар.

– Қайсысы озып бірінші келсе соның иесі жеңген болып шығады, соған бәстесейік, – деді Жарғақбас.

– Келістік!

Бірақ күн кешкіріп, есектері қайтып оралмады, сол кеткеннен мол кетті. Үшеуі оларды күте-күте жалығып, кешкі астарына отырды. Шайлаларына түнеп, таң атқанда да есектерінен хабар болмады.

– «Ақымақтың ақылы түстен кейін кіреді» деген, біз де ақымақпыз, – деді Жарғақбас. – Бастарында шөп тұрғанда қайтып оралушы ма еді.