Ол орнынан тұрып, қолындағы заттарын Қылкеңірдіктің жанына қояды да, өзі жорта жөнеледі. Шибұт та қырдан асып қараса, ауыл шетінен тізіліп тұрған вагон-арбалар мен шатырларды көреді. Айналасында бейсаубат адамдар болмаған соң, жайлап жақындап барып, біреуінің есігін ашады. Қосқышын жағып қалып еді, алдынан көздің жауын алатын көріністер: ат, піл, түйе, есек, жолбарыс, арыстан және тағы басқа айналмалы жануарлар шыға келгені. Шибұт есіктің аузындағы екінші қосқышты басқанда, әлгі жануарлар қозғалып, секіріп айнала бастады. Шибұт «Көп қыдырған үзбентайға жолығар» деп қуанып, бәрін ұмытып, жануарлардың алдымен біреуіне, одан кейін келесісіне ауысып мініп, мәз-мейрам болады да қалады. Сөйтіп, ол да бірінен екіншісіне ауысып, ойын қызығына елігіп кетеді.
***
Қылкеңірдек Жетіқарақшы жұлдызына қарап тұрып:
– Міне, ет пісірімдей уақыт өтті, екеуінен де хабар-ошар жоқ. «Қойшы көп болса, қой арам өлер» дейді, бұлар іс тындырып жарытпас, өзім барып көрейінші, не болып жатыр екен.
Ол орнынан тұрып, жердегі қапшық пен жүгенді иығына артып, серіктерінің соңына түседі. Ол да алдынан көлденең шыға келген вагон-арбалар мен шатырларға таң қала қарап, жанына абайлап жақындайды. Вагон-арбаның біреуінің есігін ашып қараса, жан баласы жоқ. Ішке кіріп, есік түбіндегі қосқышты қосқанда, нысана көздеп ататын тир ойынының үстінен түскенін аңғарады. Қылкеңірдек: «Жүрген аяққа жөргем ілінер» деген осы», – деп, жақтауда жатқан мылтықты алады. Көз алдында жануарлар мен аңдардың неше түрі самсап тұр. Соның біреуі – қасқырды көздеп атып қалып еді, дәл тиіп, тырапай асты. Енді аюды, түлкіні, қоянды… көздеп атып, көздегенін тырапай асырып, ол да ойын қызығына беріліп кетті дейсің…
***
Бөлме ішіндегі айналардың бәрін адақтап, асықпай қызықтап қарап, мауқы басылғаннан кейін Жарғақбас түкпірдегі тағы бір есікті ашады. Бөлмеге еніп, қосқышты қосып қалғаны сол, алдынан ертегідегідей таңғажайып сиқырлы әлем шыға келеді: Жапырақтары алақандай, ұзын-ұзын сабақтары иректеле бойлаған шырмауықтар мен қара қоңыр діңдері бұжыр-бұжыр алып ағаштар, үстіңе құлап кетердей төніп тұрған жылтыр, қара қошқыл тау-тастар мен жалт-жұлт еткен ұзынды-қысқалы сүңгілер – бәрі сондай әлем-жәлем және қорқынышты көрінеді. Жарғақбастың бойын үрей билеп, жан-жағына әсерлене қарап тұрғанда, кенет, қараңғы үңгір түкпірінен аузын апандай ашып, өңешінен от-жалын атқан бір алып құбыжықтың шығып келе жатқанын көреді. Ол өзіне қарай жақындап, таптап тастардай төніп келе бергенде, Жарғақбастың зәресі зәр түбіне жеткені сондай, есінен танып қала жаздады. «Астапыралла, а-а-а!» деп ақырып, безілдеп қаша жөнеледі.