Жарқ етіп кіріп келген немересін көріп, қарттың күрең жүзі күн ашылғандай шырайланды. Мейірлене жымиғанда, жанары – қою қас-тың арасынан жалт-жұлт сығылады. Гүлмінез де жүзі гүлдей жайнап, екі қолын құс қанатындай жайып, атасына ұшты. Қария әлеуетті қол-дарымен оны көтеріп алып, құшағына қысып, жұпар шашын иіскеді. Гүлмінез басын атасының кеудесіне қойып, елтігендей көзін жұмды. Құлағына дүрсілдеген дыбыс естілді:
– Ата, – деді кенеттен.
– Әу?
– Сіздің жүрегіңіз сағаттың жүрісіндей соғады екен.
– Дұрыс айтасың, қызым. Бұл кәрі жүрек талай уақытты санап тас-тады ғой. Сондықтан да біз, қарияларды – «уақыттың шежіресі» дейді.
– Уақыттың шежіресі деген не, ата?
– Ол ма. Бұрынғы өткен өмірді, тарихты көкірегіне түйіп, кейін-гілерге білікті етіп айта білген адамдарды солай дейді.
Гүлмінездің жүрегінің дүрсілі, өз жайын қайта есіне салды. Ол:
– Ал енді мені тыңдаңызшы, ата. Қалай соғады екен? – деді.
– Кәне? – Ол немересінің құртымдай көкірегіне жарғақ құлағын тосты.
– Ой-о-ой! «Дік-дік-дік…» Жаңа туған құлыншақтың шабысындай. Алып-ұшып тулайды ма – әй?!
– Дәл таптыңыз, ата. Ол құлыншақ неге асығулы, білесіз бе?
– Неге?
– Кеше, кешқұрым әдемі шана әкелген едіңіз ғой. Сол шана-мен тезірек ойнағысы келеді екен оның. Жүріңіз, ата. Сырғанақ тебеміз.
Қария жымия түсіп, ойланып қалды. Кеше жұмысы болып, қыстауынан тура аудан орталығына тартқан. Қайтарда – ауылға, баласының үйіне соғатын болған соң, сүйікті немересін қуантқысы келді. Дүкендерін аралап жүріп, шана сатып алып еді. Гүлмінездің айтып отырғаны сол. Әрине, көз алдында ойнағанға не жетсін. Бірақ, ойынның да мезеті бар. Ал тыста – адам денесін түршіктірер ертеңгілік ызғар әлі тараған жоқ.
– Айналып кетейін, аппағым менің. Шананы саған әкелмегенде, кімге әкелдім. Әлі онымен талай ойнарсың… Ал, қазірше, – ол сұқ саусағымен терезе жақты мегзеді. – Көрдің бе? Таң енді бозарып ке-леді. Дала суық. Құр босқа тоңып қаласың. Одан да, қорада мал жайғастырып жүрген папаң мен мамаңды күтейік. Бірге тамақтана-мыз, кейін ойнаймыз. Тойған қозыдай рақаттанып ойнаймыз.
Гүлмінез басын бір иығына қисайтып, өтінгендей түр көрсетті.
– Тамаққа зауқым жоқ, ата.
Қария қырау қаймыжықтаған терезенің бетін ысқылап сүртіп:
– Қарай қойшы өзің, – деді. – Сөзге түсінесің ғой. Далада бейсәубет жүрген біреу бар ма? Тіпті қыбырлаған нәрсе көрмейсің.