ТҰРАН БАҺАДҮРЛЕРІ НЕМЕСЕ ЕР, БИ, НАРДЫҢ ЕРЛІК ЖОРЫҚТАРЫ - страница 14

Шрифт
Интервал


Нар қанағаттандым дегендей басын изеді. Енді алдыға Би шықты:

– Дүние жүзіндегі ең көне «Авеста» деген кітап бар. Бұл кітапта жер бетіндегі ең ежелгі, алғашқы дін – зороастр дінінің негіздері мен қағидалары жинақталған. Осы діннің ұйытқысы Заратуштра пайғам-бар мен Тұран даласының өкілдері, арий жұрты және сіз жайлы да әңгіме қозғалады. Менің сұрайын дегенім, Заратуштра пайғамбар мен сіздің араңызда қандай байланыс бар? Міне, сол жөнінде білсек деп едік.

– Ә, сен Зәрдаш пайғамбар туралы айтып тұрсың ғой, – деді Алып Ер Тоңға бурыл тартқан қаба сақалын тарамдап. – Ол біздің туған ғой, Бозаттының баласы. Хазар2 мен Арал маңында түйе бағып, ой қуып жүріп, пайғамбарлықты нәсіп еткен. Бір Тәңір – Күн Тәңіріне ғана сиынуды уағыздағаны үшін тұрандықтардың қысымына ұшырап, парсы жұртынан пана тапты. Сый-құрметіне бөленіп, дінін таратты. Жалпы оның уағызында көп пайдалы жайттар бар. Мен Зәрдаш бабамыздың хақ дініне осы жерде көз жеткізіп, бабамыздың ілімін өз халқына қайтаруды парыз санап жүрмін. Елді бір қаған билейтіні қандай хақ болса, жер-дүниені де бір Тәңірі билейтіні сондай хақ емес пе. Бізді осы бірлік бай-ланыстырып тұрған шығар. Ал, Әуезді кітап дегеніңді мен білмейді екенмін.

– Ер баба, «Авеста» деңіз, оны білмейтін де жөніңіз бар. Ол кітап сіздердің заманыңыздан V ғасыр кейін барып дүниеге келген ғой.

– Сен бала, көріпкелсің бе, мұның бәрін қайдан білесің?.. Е, мейлі, мұның бәрін кейін сұрастыра жатармыз. Ал, қазір…

Дәл осы кезде сырттан қарашы кіріп:

– Хан ием, Мысыр елінен елші келді. Қабылдауыңызды сұрайды, – деді басын иіп.

– Кір – сін! – деді Алып Ер Тоңға екпінмен.

Жанында екі зәңгі серігі бар ұзын бойлы қара сұр кісі кіріп келді. Ол сырты оймышталып, алтындалған папирус қағазының орамасын жазды да, үзіп – үзіп былайша оқып шықты:

– Жер жүзінің жартысынан көбін жаулап алған, жеңімпаз әміршім! Мысыр елінің патшасы Нехо перғауын Сізге жалынды -жалынды сәлем жолдайды. Сізге деген құрмет пен берілгендіктің өтеуі ретінде екі керуен асыл бұйымдар мен алтын-күміспен көм-керілген тарту-таралғыларды перғауынның мерекелік сый-тартуы ретінде қабылдауыңызды сұраймыз. Және сонымен бірге әр ай сайынғы алым-салықты да уақтылы жеткізіп тұруға міндеттенеміз. Соның өтеуі ретінде біздің елімізге әне-міне басып кіруге дайын тұрған қосыныңызды тоқтатуға бұйрық беруіңізді өтінеміз.