Қызметші Тоқсарының жанындағы кісінің киім киісінен, ерекше түр-сипатынан жат жұрттық екенін түсіне қойып, Тоқсарының сөзін Солонға айтып барды. Көп өтпей қайтып келіп, Анарысқа қарап:
– Солон сізге: «Есі бар адам досты өз отанынан іздейді. Жат жарылқамас болар» деп сәлем айтты, – дейді. Сол сәтте Анарыс:
– Онда тез қайтып барып мынаны айт: Солон дана дәл қазір өз шаңырағында – отанында отыр. Елінің төрінде отырып, достан қашқаны несі? Досына дос қосатын осы мүмкіндікті жібермесін, – деп тауып айтып, қызметшіні кері жүгіртеді.
Көп өтпей тапқыр жауапқа сүйсініп, риза болған Солон дананың өзі үйінен шығып, Анарыс хан иемді құшақ жая қарсы алады.
Міне, осыдан бастап Эллада елінің ғұламасы Солон мен хан ием Анарыстың достығы қашан ұстазы көз жұмғанша үзілген жоқ. Олардың өзара пікір алысулары мен әңгіме-сұқбаттары сағаттап, кейде күннен түнге ұласатын. Мен түсіне бермейтін терең де күрделі ойға құрылған талдаулар мен заң, жарғыға қатысты мәселелерді шешетін. Кей жағдайларда хан иемнің Солонның өзіне ақыл қосып, тапқырлық танытатын кездері де көп еді.
Сол уақытта Солон мемлекеттік басқару ісіне өзгерістер енгізіп, заң-жарғылардың баптарын жетілдірумен айналысып жүр екен. Сол жарғыларға Анарыс хан иемнің әңгімелерінен түйген көптеген тың ойлар мен біздің даланың даналық үлгілерін қосып, өзгертеді.
Анарыс хан ием Солонмен бірге әр түрлі мәжілістер мен пікірталасуларға қатысып, өзінің де ой ұшқырлығын, сөз шеберлігін танытты.
Бірде Анарыс хан ием грек ғұламаларымен бірге Кіші Азиядағы Лидия мемлекетінің патшасы Крез сарайындағы басқосуда болды. Әдетте ғұламалардың бастары жиыла қалса, ортаға бір ой-пікір тастап, сол жайында өз ой-түйіндерін айтып, әңгіме өрбітетін. Бірақ бұл жолы олай болмады. Крез патша түр-сипатымен өзгелерден ерекшеленіп тұрған хан иеме:
– Жан-жануар мен жәндіктердің ішіндегі ең өжеті қайсы? – деп сауал қояды. Анарыс хан ием:
– Ең тағы аңдар, себебі, олар өз бостандығы үшін жанын қияды, – деп жауап береді.
– Жан-жануарлар мен жәндіктердің ішіндегі ең әділетті өмір сүретіні қайсы? – деді. Анарыс хан ием:
– Ең әділетті тіршілік ететіндер де тағы хайуандар. Олар заңмен емес, табиғаттың ырқымен өмір сүреді. Табиғат – құдайдың жаратқан жаратылысы, ал заңды адамдар өз қолымен жасаған. Сондықтан да адамның шығарған заңынан Тәңірдің ақ жолы әлде-қайда әділетті, – дейді. Крез патша Анарысты мазақ ету үшін: