Мұрат өзінің өмірінде өлең жазуды, оны газет-журналдарда жариялап, ақын болуды мақсат етпеген. Өлеңді ол өмірдегі шиыршық атқан сындарлы сәттерде, қатты қапа болғанда немесе қуанғанда, кейбір мерекелер мен достарының мүшел тойларына ғана арнап жазған. Осы шағын жинақтан Мұраттың шынайы жан сыры, рухани әлемінің байлығы, мейірбандығы, азаматтығы айқын көрінеді. Осыдан көптеген жылдар бұрын Қазақстанда жерді шетелдіктерге сату-сатпау туралы мәселе көтеріліп, халықтың ашу-ызасын тудырған кездегі Мұраттың күйініп отырып жазған өкінішке толы өлеңін осы күні де тебіренбей оқу мүмкін емес.
Жер сату – Отаныңды сатқанмен тең,
Алтын ай, Күміс күнің батқанмен тең.
Айрылып Жер Анадан аялаған,
Баяғы құлдығыңа қайтқанмен тең.
Жер сату – өз анаңды сатқанмен тең,
Қарғысы қас дұшпанның атқанмен тең.
Жеріңді алған алпауыт байсымақтың
Босағасын күзетіп жатқанмен тең… – деп басталатын өлеңі бүгін де өзінің өзектілігін жойған жоқ. Немесе Мұраттың осы жинаққа кіріп отырған «Жаңаөзен толғауын» алайық. Мұнда да өзекті өртеген өкініш, күйініш. Жаңаөзенде өздерінің азаматтық құқығын қорғап, наразылық акциясына шыққан жұмысшыларға оқ атып өлім құштырған қатыгездікті, билікті айыптайды. «Не сұмдық – азаматты атып тастау, құқығы үшін күрескен өндірісте» деп назаланады. Бұл өлеңдерден Мұраттың аса биік азаматтық болмысы айқын көрінеді. Өзінің өмірлік жары Нәдияға арналған өлеңі де сезіміңді селт еткізбей қоймайды.
Болат БОДАУБАЙ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.