– Әй, ол табақшаға тарбиып мінгендердің руы кім екен-ей? – деп сұрақ қояды бір кезде таяғына сүйеніп тұрған әлгі кеңкілдек, қуақы шал.
– Найман екен!
– Қой-ей!
– Рас, өздері айтты ғой, ата!
– Әй, оларың өзінің атамекенінде ғұмыр кешпей, неғып қаңғып жүрген наймандар, ә? – деп кейігендей басын шайқайтын қария.
– Ата, сіз өзіңіз найман емессіз бе?
– Найманмын, балам!
– Онда сіз де басқа планетадан келген екенсіз!
– Не дейді, Құдайым-ау?!
– Сізді олар сұраған өткенде. Әлгі біздің Шүңірей шал қайда жүр деп.
– Ех-ех-ехе! Әй, иттің ғана күшігі! Әй, иттің ғана күшігі! Әй, иттің ғана баласы! Мә, апаңның жайған құртын ала ғой. Хе-хе-хе-хе, иттің ғана баласы, айтып тұрғанын қарашы-ей! «Шүңірей шал» деді ме-ей?!
– Иә, ата!
– Хе-хе хе, олар найман дейсің ғой?!.
– Нағыз найман екен! Түрлері сізден айнымайды!
– Әй, бар бол, иттің баласы, таппайтының жоқ…
Міне, көрдіңіз бе?! Мен жеген кәмпит я пірәндік, ішкен лимонад пен балмұздақ маған өздігінен өзенмен ағып, жаңбыр боп аспаннан құламайтын, тегін келмейтін.
Бұл «мінезімді» біліп алған ағайын күн ара менің әңгімелерімді тыңдауға әжептәуір дайындалып келетін. Мен де олардың көңілдерін қалдырмауға тырысам. Ұйқыға кетерде, жаңа хиқаяларды ертеңгі күнге дайындап жатамын. Ол үшін, менің бала миым ұдайы жұмыс істеп тұратын. Жаңа «қырық өтірікті» ойлап табу оңай деймісіз?! Ол бір бес минутта айта салуға келмейтін күрделі және машақатты жұмыс. Елді мезі етпеу үшін айтылған әңгіме қайталанбауы тиіс. Оның үстіне, айтылып отырған оқиғаларда қисын болу керек. Бір жерден сондай дүниелерді оқып алып, соған өз жанынан бірдеңелерді қосып, шұбыртып айта беретіндей, мен бұл уақытта әлі хат тани қойғам жоқ. Естіген-білгенімнен құрастырам да, оған өз ойымнан адамның ақылы жетпейтін «деректерді» қосып, әдемілеп тұздықтап, дәмдеп беремін. Сондықтан мен тәтті-мәтті мен сусындарды маңдай тер, адал еңбегіммен алатынмын.
***
Қиял-ғажайып әңгімелер мен өзім ойдан қиыстырған ертегілерімді айтып тапқан нәпақамның тең жартысын міндетті түрде науқас ағама әкеліп берем. Ол өз кезегінде маған салған суреттерін сыйлайтын.
Ағамның аты – Данышпан.
Менен екі жас үлкендігі бар. Нағашыларым оны «қаршадай боп алып үлкен кісілердің әңгімесін айтатын», – деуші еді. Туғанынан мүгедек боп қалған Даныш, күнұзақ отырып сурет салатын. Үнемі қабағы түйіліп, әлденелерді ойлап отыратын. Мен оның салған суреттеріне сүйсінуші едім. Бірде ол маған дәптердің бетіне салынған гүлдің суретін сыйлады. Шетіне «Бауырым Ақберенге ағасы Даныштан», – деп жазып қойыпты. Оны мен хат таныған кезде оқыдым. Мектеп түгілі, балабақшаның табалдырығынан аттамаған ағам сол кезде өздігімен қара танып, оқуды үйреніп алған. Әлгі суреттегі гүл тап бір тірі гүл сияқты еді-ау. Әлі есімде, жататын кереуетімнің басына іліп қоятынмын. Таңертең оянған кезде ағама: «Дәкай, қарашы, сен салған гүл жел өтінде тұрғандай ырғала билеп тұр!» – деп таңқалатынмын. Ол соған мәз болушы еді… Ал, мен болсам, ол суретті жоғалтып алдым. Әлі күнге дейін суретті сақтай алмағаным есіме түссе, өзімді жүндей түтемін.