– Иә, тырысып көруге болады, бірақ бұл керемет ой деп айта алмаймын.
– Тырысып көру қажет, – деп ол Ерұланға басын изей сөйледі, – онда мен барайын, маған кету керек, менің негізі мұнда болмауым тиіс, – деп Батыра сыбырлай сөйледі.
– Неге? – деді Ерұлан.
– Оны саған кейін айтам, – деп орнынан тұрып еді.
– Батыра! – деп Ерұлан оны тоқтатты.
– Иә.
– Мен саған тағы бір дүние айтуым керек, – деді. Ерұланның жүзі жабырқаулы көрінді.
– Тыңдап тұрмын, – деп ол орындыққа қайта жайғасты.
– Мен Бабадүрдің кітабынан бір дүние таптым: ол адамдар мен жануарлар, жалпы осы әлемдегі тіршілік иелерінің өмірі бес жылға қысқарғаны жөнінде жазған. Сонымен қатар тағы үстемділердің ұзақ ғұмырын зерттеген ғалымдардың белгісіз себептермен жоғалып немесе ажал құшатынын жазған.
– Түсінбедім! – деді ол жүзі бозара.
– Қысқаша айтқанда, әлемдегі барлық тіршілік иелерінің өмірі соңғы сексен бес жылда бес жылға қысқарған. Сонымен қатар билеушілердің өмірін зерттеген ғалымдар қаза болған.
– Бабадүр себебін жазды деп айтшы, – деді Батыра
– Өкінішке орай жоқ, себебін жазбаған, мүмкін қорыққан шығар, мүмкін жазған – мен түсінбеген болармын.
– Бұл енді мүлде түсініксіз.
– Мен оның шындықты жазғанына шүбәм жоқ, – деді Ерұлан.
– Қорқынышты жаңалық екен.
– Иә, қорқынышты, – деп ол кішкене кідірді, – жарайды сені ұстамайын, кездескенше, абай бол! – деп екеуі қол алыса қоштасып, Батыра кітапханадан жылдам шығып кетті.
Ерұлан кітапханасында қалып, Ескендір Торғынның кітабындағы руналарды қарады, екі қатар жазылған рунаның жанында аудармасы болды, дегенмен Торғынның кітабы адамдардың ежелгі тілінде жазылғандықтан, Ерұланға аударманы аударуға тура келді. Ол жұмысты аяқтады, ондағы рунаның мағынасы: «Өмір – ол ұлы сый, ал оны жоғалту – ұлы қасірет»
– Өмір – ол ұлы сый, ал оны жоғалту – ұлы қасірет, – деп Ерұлан бірнеше рет қайталады, – бұл нені білдіреді? – деп ойлана сөйледі. Ол тағы да басқа дәйектерді табу үшін кітапты толықтай ақтаруға кірісті.
Ерұланның кітапты мұқият оқып шығуына бірнеше күн уақыт кетті, алайда ол осы уақыт арасында қораптың ішінде не бар екендігі жайында ешқандай дәйек кездестірмеді, тіпті қорапты қалай ашуға болатыны жөнінде жазылмаған, оның қолында тек қорап сыртындағы аударма ғана болды.
***
Арада екі апта өтті, бірақ Батыра сол күйі келген жоқ. Ерұланның қорқынышты түстері де басылар емес, оларды күнде көрді. Сұлудың да босанатын уақыты жақындап, оған зиянын тигізуден қорқып, Ерұлан өзін кітапханасына жауып алды. Тек анда-санда ғана Сұлудың жағдайын білу үшін шығып тұрды.