– Ерұлан, олар – Үстемділер, олар – ұзақ өмір сүрушілер, олардың қаны бөлек; шыққан тектері бөлек, сондықтан олар ұзақ өмір сүреді, ал біз… ал біз ондай емеспіз, оның үстіне таққа Тарын келісімен адамдардың өмірі түбегейлі өзгерді және жақсы жағына қарай, Тұран хандығы бұрын-соңды болмаған гүлдену шағында; ешқандай соғыс жоқ, қылмыс аз, олар әділ және дана, сондықтан олардың ұзақ ғұмырын қазбалаудың да керегі жоқ, өзің де білесің бұл әрекетің өлімге тең екенін.
Ал ауруға келер болсақ, қазір одан қандай да бір қауіп төніп тұрғаны шамалы. Тарын хан оның да алдын алуда, ол дер кезінде дәрігерлер мен сарбаздарды жіберіп, барлық сәбилерді аман алып қалып жатыр, барлығы қалыпты өтуде… – деп Батыра Ерұланға көңілі толмаған адам сияқты сөйлеп отыр еді, аяқасты оны Ерұлан бөліп жіберді:
– Барлығы қалыпты өтуде дейсің бе? Жоқ барлығы қалыпты емес, сен тек көз алдыңда болып жатқан дүниелерді көріп тұрсың, менің ойымша ханның адамдардың арасына дәрігерлерді жіберіп, елде туылып жатқан балаларды бақылауда ұстап отыр және мұның себебі ол ерекше бір сәбиді іздеп отырғандай көрінеді.
– Не… Не сандырақтап кеттің? Сенің ойыңша ол ауруды өзі таратты деп ойласың ба?
– Иә!
– Мұның енді шектен шығушылық! – деп ол үрейлене сөйледі. – Бұл сөзіңді менен басқа ешкім естімей-ақ қойсын, сен жақында әке атанасың одан да уақытыңды Сұлуға арна… – деп ол тоқтап қалды да, Ерұланға мұқият көз тастады. – Досым, сен осы ойыңды тастасаң қайтеді, ә? Бұл қауіпті, қазбалап қайтесің, мен саған қаншама уақыттан бері айтып келе жатырмын, бізге мұны білуге тиым салынған, – деп Батыра орнынан тұрды.
– Неліктен мені тоқтатқың келеді? Мен жай ғана олардың ұзақ өмірінің сырын білгім келеді, – деді оған Ерұлан.
Батыра ақырын жүріп, ашық тұрған терезелердің біріне барды, ол сыртқа көз тастап, таза ауамен терең тыныс алды. Аспан ашық, жұлдыздар аспанға шашылған алмастай жарық. Сарайдың жанында өскен алып теректер ақырын соққан желден жайқалып, баяу ғана ары-бері теңселіп тұр.
– …Жаңа ғана айтқанымдай, бұл өліммен тең қылмыс, сен менің бауырымдай болып кеткенсің, сондықтан сені барынша ақымақтықтан сақтағым келеді, қала Сұлтаны сен жайлы оң көзқараста, ал оның бірінші қолбасшысы Дат… – деп ол кішкене кідірді, – өзің де білесің, Дат саған тісін қайрап жүр, қит етсе болды, ол саған қолындағы бар билігін салып, заң рұқсат еткен ең қатаң жазаны қолдануға дайын. Сенің билеушілер туралы теріс ойда екеніңді білсе, ол мұны барынша пайдаланады, тіпті мен сені оның қолынан аман алып қала алмаймын, оның үстіне сарбаздардың жартысынан көбі оған бағынады, – деді ол.