Ел Шоңы. Сәскелік шақ. I кітап - страница 12

Шрифт
Интервал


«Дәулетбике, менің бәйбішем бар, сен хан қызысын. Қалай болар екен… Сен маған шын көнілден тидің бе, әлде ханның қаһарынан қорыққаныңнан келістің бе? Егер шын көңілден тисең, ана бәйбішемді талақ тастап, сені аламын».

Сонда Дәулетбике айтыпты: " Бас ием, бұл да Құдайдың жазуы шығар, саған шын берілдім. Бәйбішеңді тастама, тоқал болып отыра беремін» дейді. Бесімнің бұрыннан Бөтей деген бәйбішесі бар еді. Содан Дәулетбике Бесімнің бәйбішесін ене атап кетеді. Содан Тоқалар бір бөлігі Ене тоқасы аталып кетті. Дәулетбикеден тараған балалар ұрпағы Дәулетбике Тоқасы аталған. Айтқожа, Барғана, Сатыпалдылар хан қызы Дәулетбикеден туғанын мақтаныш ететін. Шоңның айтып тұрғаны сол еді.

Телқозының өзі де хан қызынан туғанын мақтаныш ететін, бірақ баласының мына жерде Елгелділерді қосып айтқанын ұнатпай қалды.

Шоңнын боз атпен шабатынын Таубай естіп, бізден де қанға тартатын ұрпақ өсіп келе жатыр екен деп, Байсары да Шоңның шабатынын естіп мақұлдап, қуанған еді.

Өңкей он мен он бестің арасындағы балалар атқа мінді. Аттарды Қараағаштың шығыс-оңтүстік жағындағы кең жазықтан бері ауылға қарай шабатын болды. Балалар жол бастаушысы бар, солай қарай кеткен еді. Қонаққа келен билер мен байлар талай сәйгүлігін алып келген. Жүйрік аттар көз тұндырарлықтай көп екен. Бірінен бірі өткен, әр түрлі тұқымды жұйрік, сұлу, көрікті аттар еді.

Он жеті мың біткен Тәңірбергеннің баласы Сапақ атаяғы жетер жердегі жарыстың бәріне ат қосатын. Сонау жылдары Ақмоншақ аты болатын. Сол ат талай жерлерден бірінші орын алған. Содан оның есімі бүкіл осы маңайдағы рулар ішінде дүрілдеп тұрған. Жүйрік ат сонда, сұлу қызды сол алатын. Сапақ бұл тойға да бір жүйрігін әкелген болатын. Ауыл арасындағы жарыстарды бірінші орын алып жүрген бұл атқа үміті зор болатын. Анада ағасы Қонысбайдың асында Ақмоншақ аяғы ақсап қалып қойып бірінші орын ала алмаған еді. Ауыл арасындағы күндестік қозып кетте де, Сапақ өзі ала алмаған соң Елгелділерге де бергізгісі келмеді. Сонды Елгелдінің Кербестісі бірінші келіп, үлкен дау болып ретін тауып Телқозы, Сыртанбай, Лау, Сапақ төртеуі дау айтып бірінші орынды Кербестіге бергізбей төтеден қосылды сияқты сылтау айтып, басқа сырт адамына бергізген еді. Турасын айтқанда, бірінші орынды кедей Елгелділерге қимаған. Содан Елгелділер Сапақпен де, Телқозымен де онша емес еді. Таубай болмаған соң ру аралық туысқандықты бұзбайық үшін келген еді осы тойға.