Ел Шоңы. Сәскелік шақ. I кітап - страница 16

Шрифт
Интервал


Шоң Жәмкенің жайын біліп, күніне бірнеше рет келіп жүрді. Жәмкенің домбыра тартып, қиса айтқаны ұнап қалған. Шоң жас болса да адамның жақсы да, жаман да қасиетін байқағыш еді. Мына баланың өнері әсерлендіріп жібергендей еді. Жәмкеде өнердің мол көзі жатқанын аңғарған. Содан ба, көңілі айрыкша түсіп кеткен.

Көбеннің маңдайынан сипауының әсері болды ма, бес-алты күннен кейін Жәмкенің беті бері қарады. Таңертен есік алдында отырған Жәмкені көріп Шоң қуанып қалды. Қасында Көбен мен Байсары отыр екен. Шоң өзі Балқаш жақтағы Алтай-Мойын Алдажұманның қызы Қүмісті көруге баруға дайындалып жатқан еді. Шоң тұрып сұрады,

– Көбеке, сіздің көрегендігіңіз бар ғой, айтыңызшы, менің алатын қызым қандай қыз?

– Қыз мінезінің жақсы-жаманын білмеймін, бірақ екеуіңнің көңілдерің жараспайтын тәрізді…

– Олай болса, нашар қыз болды ғой.

Айтып отырмын ғой, қыздың қандай екенін білмеймін, сары қыз болуы керек. Ал сен қараторыны жақсы көретін тәріздісің.

Көбеннің мына сөзі Шоңның іштегі ойының тура төбесінен түскендей болды. Адам жаратылысымен кірген қасиет те әртүрлі ғой. Ақмола базарынан төрелердің қара торы қыздарын көргендіктен бе, әйтеуір, өзіне де түсініксіз, қара торы қыздарды ұнататын. Соларға құмартатын. Көбеннің дәл айтқанына таң қалып, көңілі түсіп қалғандай болды.

– Сіз оны қайдан білесіз?

– Менің білгір көңілім солай дейді…

Көбеннің ылғи басың бар, көзің бар демей турасын айтатын әдеті бар еді. Мына сөзді естігінде Шоң таңқалды, бірақ ләм қарсы сөз айтқан жоқ. Көбен сөзі көңіліне жаман әсер етті. Кетуге асықты. Әкесі айттырған қызға сырттай ғашық болып жүр еді. Көбеннің мына сөзі соны жоққа шығарып, көңіл күйі қолма-қол өзгеріп жүре берді. Қыз аулына барғысы келмей кетті. Бірақ әкесі айтып отыр. Бару керек, әйтпесе арты үлкен дау болатынын Шоң түсінетін.

Орнынан тұра берген Байсарыға айтқаны:

– Жәмкенің жүрген жері думанды екен, менімен бірге балқаш жаққа барып қайтасын!

– Барса барсын, Ел, жер көреді. Дегенмен, Шоң бауырым, қалай болар екен, үстіндегі киімі нашар,

– Киім табылады. Осында менің киімдерім жетеді. Соны кигіземіз.

Ақыры Байсары Жәмкені қалдырып ауылына қайтып кетті.

Көбеннің сөзі әсер етті ме, Шоң жүрер алдында әкесіне айтқан болатын:

– Осы мен көрмей жатып құда түсіп қойғаныңыз, қалай?

– Алдажұман менімен дос, көңілдес адам. Біраз қалың малды да беріп қойғанмын. Сен ұнатпасаң Жанкелдінің тұқымынан басқа біреу алады. Менің көңілім сен алғанды қалайды. Сен алсаң дұрыс болар еді, -деді.