Телқозының мына сөзінде бір сыр жатыр, ол жаратылысынан керемет сараң болатын. Осы құда түсудің өзінің сыры бар еді. Сонау жылдары Телқозы Алдажұманның қарындасын алмақшы болып, ол өліп қалып, ағасы берген малдарын қайтармаған. Кейін Телқозы басқа жерден екінші әйел алған. Сол қазақ салтымен берген 77 жылқы босқа кеткендей болған. Соны жолыққан сайын есіне салып әкесі де, Телқозы да айта беретін. Кейін бір жолыққанда Алдажұман, кіші қызым өсіп келеді, сендердің тұқымдарыңның біреуіне берейін деп айтқан. Бұл алған қалың малды қайырмаудын жолы болатын. Мына сөзді естіген Телқозы жылдамдатып отыр еді. Теоқозының құлығы да мол болатын. Ертеңгі күні уақытында бармасаң басқа біреуден қалың алып, қызын біреуге ұзатып жіберетінін біліп отыр. Онда қалың мал далаға кеткені. Сондықтан сырттай қыздың басын Шоңға байлауы етіп қойған.
Баласының мына оқудан келген демалысын пайдаланып келінде түсіріп алу болатын Телқозы ойы.
Шоң әкесімен, Алдажұман арасындағы жағдайды білмейтін. Әкесінің әйел ал деген сөзіне қарсы келе алмады. Көбеннің сөзінен кейін іштей онша жақтырмағанымен сырттай қарсы келмей араға екі күн салып Балқаш жақтағы Алтай-Мойын Алдажұман байдың аулына жүріп кетті. Бас құда болып Қарақозы, шешесі Жамал баратын болды, інісі Малай бар, бас-аяғы он-шақты адам еді. Шоңмен бірге Жәмке күйеу жолдас болып баратын болды, онымен қосып, өздеріне жақын тұратын Тілендерден дос көңілдес Әлсенді шақырып алды. Оның әкесі Ерназарлардан әйел алған. Туыстарымен жанқаласып осы әйелінің төркін жұртына жақын отырған еді. Ауыл арасы жақын болғандықтан Әлсен Телқозы ауылына жиі келетін. Күйеу жолдасқа Шоң осы екеуін лайықты көрген. Жәмке бойы тұнып тұрған өнер. Тойды қызықты ететінін Шоң түсінген.
Содан олар жүріп кеткен. Жолай Жәмке ән салып, домбыра тартып айналаны думанға бөлеп келе жатты. Жәмке өнері Шоңға тіптен қатты ұнаған еді. Содан ол жолда, сен менімен бірге Ақмолаға барып оқуға түс, -деген еді.
– Барамын, туысқандарым жіберсе…
– Ол кім?
– Сәтек деген немере ағам бар!
– Таубай ақсақал айтса жібереді.
Әңгіме осымен бітіп қалған. Эәмкеге Шоңның мына сөзі бір қанат байлағандай еді. Ол ерекше бір арманға бөленді. Көзі көреген жерге барып, оқу оқиды. Шоңның мына айтқаны түстей болып көрінді. Сыртқа шығармаса да іштей қатты қуанып келеді.