Ел Шоңы. Сәскелік шақ. I кітап - страница 18

Шрифт
Интервал


Қыз көру

Көбеннің айтқаны әсер етті ме, Шоң жол бойы үлкен толғаныста келе жатты. Қыз құшақтап, әйел алу сезімі соңғы жылдары ояна бастаған болатын. Қыз сүюге көңілде құмарлық бар. Көңілі, тек, Көбен айтқан сары қызды қаламайды,

Ақмолада оқып жүрген Шоңға төре қыздары қатты ұнайтын. Базарға барған сайын жиі көреді. Шеттерінен бір қалыптан шыққандай қара торы, Содан ба, қыздардың осындай түрлеріне көңілі құлап қалғандай. Бірақ төре қыздарының «ауылы алыс» екенін Шоң жақсы білетін. Өйткені, төрелер қара қазақтарға қыздарын бермейді. Қазақ алса байлығымен алатын, Сараң әкесі төрелердің сұраған малдарын бермейтінін білетін. Шоң көңілі тартып тұрса да төре қыздарына жуи қоймайтын. Мына жолы әкесі айтқан соң, көңілі жоқ болса да, қарсы келе алмады.

Шоң жолай басқалардан оңашаланып Әлсен, Жәмкемен ақылдасып қояды. Көңіліндегі күдігін жасырмады. Сары қыздарды ұнатпайтын, ондай қыздары сұбықаным сүймейді деген сөз айтып қояды, Егер қыз ұнамаса не істейтінін білмейтін. Жасы Шоңмен қатарлас Әлсен қызбен қатынастың қулық-сұмдықтарын жақсы білетін. Оның Шоңға айтқаны:

– Қыз адал емес екен түралы сылтау айтып тастап кет. Саған түк жасай алмайды. Солай оп-оңай құтыласың.

Әлсеннің мына айтқан сөзі көңілінен шықпады. Адал қызға ондай қылықты қалай жасаймын. Оным ұят емес пе, қызды бақытсыз еткенім ғой. Досының бұл айтқанына іштей келісе қоймады. Жол бойы Әлсен талай рет Шоңды солай үгіттеген. Әлі үйрене қоймаған, қыз жағдайын білмейтін Жәмке, бұл жағдайда сөзге онша араласпайтын. Көбіне келе жатқандардың тілегі бойынша ән салып, домбыра тартады. Жол бойы жақсы әндерімен Қарақозыға да, Жамалға да ұнап қалған.

Көңіл шіркін мың құбылды. Досының көңілін көтеру үшін Әлсен айтты: Сары қыздардың ішінде де әдемілері болады…

Бірақ көңіл шіркінде мықтап орнап қалған ба, қара торыға тарта береді. Дегенмен, Шоң ойланып, мына Әлсен сөзінде де дұрыстық бар шығарға тоқтаған еді. Жол бойы Шоң болашақ жарын көңілмен көз алдына елестетумен келе жатты, бірақ бір тоқтамға келе алмаған. Сан ойға кетті. Бір жағынан мен өз тұрғымнан ойлап келемін, ал егер қыз сүймесе, маған көңілі болмаса қайтемін. Қазақта қыз сүймеуі болмайды, жігіт сүйсе болғаны деген қағиданы да еске алды. Бұл сөз Шоң көңілінен шықпайтын. Қыздың да тілегі, оның да жүрегі бар. Ал егер оның ойынан шықпасаң қандай жар болады. Осыны ойлағанда жүрегінде бір жазсыздық пайда болады. Алғашқы рет қыз ауылына күйеу болып баратын Шоң не айтарын әлі білмейтін еді. Қызбен қалай сөйлесуі керек, бұл Шоң өтпеген мектеп еді. Көз алдына елестет алмайды. Егер бір ақылсыз сөз айтып қыз көңілін қалдырып алам ба, ол менй сүймесе, онымен қалай тұрамын. Көңіл шіркін тұрақсызданып сан тарапқа кетіп, құбыла береді. Алайда, бұл теренде жатқан күйді тіс жарып қасында келе атқан досы Әлсенге де айтпайды, Ол туралы сөз қозғаудың өзін ұят көрді.