Ел Шоңы. Сәскелік шақ. I кітап - страница 19

Шрифт
Интервал


Алдында Алдажұман ауылына жаушы кеткен еді. Бұлар құдалардың келуін күтіп дайындалып жатқан. Бұлар асықпай жүріп, араға бір қонып келесі түс ауа келді. Құдалардың келуі осы ауылға бір күй, бір сәнділік, қызық думан алып келгендей еді. Лезде тыныш жатқан ауыл өзгеріп сала берді. Құдалар күйеу баланы ауыл сыртында қарсы алып, қыз-жігіттер қуанысып жатыр, Бұрын көрмесе де әке-шешесі келісіп құда түскен соң қыздар болашақ жарының алдынан шығып қарсы алу салты бар еді. Бәрі келісіліп қойған, сондықтан Шоң да ойлап келе жатқан, қыз да алдынан шығып қарсы алады деген үміт те бар еді, бірақ қыз шықпады. Бұл жағдай Шоңды әртүрлі ойға жетеледі. Мына қыздың бұрын сүйген жігіті болып, маған ата-анасы зорлап, амалсыздан көніп отырғаны ма, осындайда көңілге не келмейді. Әуелден көңілі сүймей келе жатқан, оның үстіне қыздың өзінен бір жастай үлкендігі барын естіген. Мына алдынан шықпағаны әбден жігіттермен ойнап, қуланып алған шығарға болжаған. Бір сөзбен айтқанда, қыздың алдынан шықпағаны Шоңның көңіл күйін тіптен бұзды. Ауыл жастары қазақтардың ежелгі әдетіне беріліп, Шоңның атына жармасып, мініп те кетпекші болды. Шоң олардың бұл қылығын ұнатпай қалды. Ашуланған. Қарсы алушыларды бастап келген бір ересектеу жігіт тұрып:

– Балдыздарының жезделерінің атына мініп шабуы ежелден келе жатқан әдет ғой. Атынды сұрап тұрса бер, -деді.

– Мен әлі қызды да көргем жок, Сіздер бірден менің атыма неге жармасасыздар!

Шоңнын мына сөзі ауыл жастарын қарсы алуға бастап келген жігітке ұнамай қалды.

– Көрмесең, көресің, -деді ол да жақтырмай.– Ол тіктеу айтып тастады.

– Маған бұл әдет ұнамайды. Әуелі қызды көруім керек.

Күйеу баланың мына қылығы ауыл жігітінің ойынан шықпады. Мінезі қалай, өзі түсініксіздеу жігіт екен деп ойлады ол, бірақ ашық айтпады, үндемеді. Дегенмен, Шоңның мына қылығы бірге келе жатқандарды да бір жайсыздыққа түсіргендей еді,

Қыз, жігіттер қарсы алған соң, Қарақөзы мен Жамал жылдамдатып жүріп кеткен. Күйеу бала қасында қарсы алушы жастар ғана қалған. Әлгі ересектеу жігіт оңашалап Әлсеннен сұрады.

– Мына күйеу бала қалай өзі? Атына жармасқанға ренжиме.

– Шоң Ақмолада орысша оқу оқиды. Бұрын мұндай салтты көрмеген ғой. Содан кейін жасап тұр да, кейін үйренеді. Алайда, жігіт Әлсеннің айтқанына қанағаттанбады. Ауылда өскен қазақ баласы ел салтын қалай білмейді деп, өзінше бір байламға тоқтаған еді.