– Мен де сенімен бірге барып оқиын.
– Қажеті жоқ, – деді Шоң.
Телқозы баласының әлгі ояз өкіліне ат мінгізбегеніне өкініп тұрып қалды. Бұл алғашқыда ғой, кейін үйренеді деген корытындыға келген.
Екі күн өткен соң Шоңдарға жақын Айтқожа, Барғана, Сатыпалдының сорпа бетіне шығатындарын шақырған Телқозы. Олардың бәрінің жетегінде бір-бір күміс ертоқымды аттар бар еді. Шоң олардың бәрін есік алдында тұрып қарсы алған. Аттарды көріп айтқан:
– Бұл аттарды не үшін әкелдіңіздер?
– Бауырым, мынадай қуанышта бір-бір ат мінгізу міндетіміз ғой, – деді Айтқожаның тәуірі, сексенді алқымдап отырған Бектас.
– Мен болыс болмай тұрғанда неге әкелмедіңдер?
– Қатарынан озып ел билеуге шыққанда осындай ат мінгізу ежелден келе жатқан халық дәстүрі.
– Сіздер дәстүр дейсіздер, ертең біреулеріңіз мұны пара дейді. Маған көп аттың керегі жоқ, осы аттарыңның ішінен Лау әкемнің атын алайын. Маған бір ат та жетеді. Қалғанын өздеріңіз алып қайтыңыздар!
– Шоң бауырым, алып келген сыйымызды алып қайтың не? – деді Бектас.
– Елдің азып, тозуы осыдан басталады. – Шоңның бұл сөзіне көпшілігі түсінбей калды.
Телқозы келгендердің бәрін дастарханға шақырды. Ел етке тойып, қымыз ішіп болған кезде Шоң тұрып айтты:
– Менің сіздерге бір сөзім бар.
Елең ете қалып, құлақ тосқан жиналғандар.
– Осы отырған үш рудың адамдары Нұра жағасына жиналып бірнеше ауыл болып отырсыздар. – Қай жер екенін де айтқан – Құлымбеттер отырған Нұра мен Құндыздының қиылысқан жерінде. – Енді бір топтарыңыз Аққошқарлар отырған жерге барып қоныстаныңыздар, – деді.
Шоңның бұлай деуінде бір сыр бар еді – қалың қазақ жиналып отырған жерге орыстардың бармайтынына оның көзі анық жеткен. Темештер даулы жерге қоныстанған соң Елизаветовка заемкасын салудан Карбышев бас тартқан. Нұра бойында сондай тұтасып отырған үлкен ауыл ету ойы болатын Шоңның. Солай жасаса өзен бойына бір орыс келіп қоныстанбайтынына көзі жеткендей болған. Мына сөзді содан кейін айтып тұр еді ол.
Шоңның мына айтқаны елдің көңіліне қонбайтындай сөз еді. Үш рудың тәуірлері қорқып кетті. Қыбыр-сыбыр көбейді. Шоң өздері еркін отырып сөйлессін деп сыртқа шығып кеткен. Біреу отырып айтты: «Мынау ана ояздың айтқанын жасап болыс болған ғой. Расында, Қабай айтқандай, шын орыс болып кеткен шығар».
Шоң қайта кіргенде бір би отырып:
– Өзіміз де бір ауыл болып отырмыз ғой, – деді.