Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап - страница 2

Шрифт
Интервал


– Бұл менің шаруам емес, генерал-губернатордың тапсырмасы. Болыс сайлауында қазақшылық көбейіп кетті. Содан кейін ол кісі осылай жасап отыр…

Ыбырай мына сөзден кейін айтары бітіп қалғандай болып, Карбышев қабинетінен шыққан еді.

Карбышевке губернатордың сөзі күш беріп, енді Герасимовты жіберіп, біраз болыстарды өзгерте бастады. Өз көңілінен шыққан адамдарды қойғызды. Өйткені, көбіне болыстарды билер қолдайтын. Содан орнына қайыра сайланатын. Мұндай болмау жағын ойластырды. Әліде өзінің орынбасары Ыбырайды жібермеуге болмайды. Амалсыз жібереді. Болыс сайлауына Жайықбаевпен бірге кетіп бара жатқан Герасимовқа жүрер алдында ұзақ ақыл айтып жіберетін. Дегенмен Ыбырайдың ықпалы әлі де бар еді. Жергілікті билер оны төре деп сыйлайтын. Сонысын ол қатты пайдаланатын. Бір кезде Қоңырқұлжамен дос болған, оны әкесіндей сыйлайтын. Оның өзі жоқ болса да, әйелі Қаниса бар, соны силап, олардың күйеу баласы бұл төрені жұмыстан қууға бара алмай жүрген еді. Сондықтан болыс сайлауына оны амалсыздан жіберетін. Параға берілген Герасимов та кейде соның ықпалында кетіп қалатын. Герасимовтың жарасы жеңіл еді, оны қызметтен айдап шығу оңай, бірақ ол жергілікті билердің мінез-кұлқын жақсы біледі, әрі қазақшаға судай ағып тұр. Сол қасиеттерін бағалайтын. Енді болыс сайлауының билігін Карбышевтың өзі қолына біржола алған соң ол Герасимовқа айтқан, сен Ыбырайдың дегеніне кете берсең қызметтен қуамын деген. Мұндай майлы жерден оның да кеткісі келмейтін. Оның айтқанын жасамаса бұл қызметтен қуылатынын Герасимов онсыз да білетін. Қарбышев осындай шаруалар жүргізіп отырып, бір күні кеңсесіне Шоңды шақырды.

Шоң кезекті жер дауынан келіп отыр еді, Карбышевтің айтқаны:

– Шоң Телқозинович, сені бір жерге болыс етіп жіберсем қалай қарайсың?

Жер мәселесі жүгірмелі жұмыс. Әрі дау-жанжал көп еді. Шоң сөзге келместен бірден келісті.

– Қайда барғың келеді?

– Жіберсеңіз, өзімнің туған жерім Қараағаш жаққа барғым келеді

– Оның дұрыс. Мен сені бүкіл Нұра бойына жібергім келіп отыр. Әр ру сұлтан кезінде өз алдына бір-бір болыс жасап алған. Оны Ыбырай жалғастырды. Соларды таратқым келеді.

– Сіз мені сонда Нұра бойындағы қай болысқа жібересіз?

– Бүкіл Нұра бойына барасың.

Шоң бір үлкен даудың күтіп тұрғанын білді. Сол күдігін жасырған жоқ, ашығын айтқан.

– Сонда соған рудың байлары мен билері көне қалады деп ойлайсыз ба?