Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап - страница 21

Шрифт
Интервал


– Ол кісі де поштабай болғысы келеді.

– Маған поштабайлыққа бір адам жетеді. Екі адам қажет емес.

– Ендеше мен үйге тағы бір барғанда түсіндіріп айтайын оған. – Осымен ағасы туралы сөз бітті. Шоң Жойқынбекке жұмыс жағдайын түсіндіре бастады.

– Пошта сонау Ақтаудан келеді. Сен оны Ақмолаға жеткізіп беріп, одан берген поштаны осында жеткізуге міндеттісің. Меніңше, бұл жұмыс оңай емес, кейде асығыс, поштаны сол күні Ақмолаға күндіз-түні жүріп жеткізесің. Жолда Тілен, Құлымбет ауылдарынан ат ауыстырасың. Бір-екі сағат жағдайға қарай дем аласың. Жедел поштаны айтқан уақытында жеткізу бірінші талап. Егер оны орындамасаң, маған да, саған да сөз келеді. Онда жұмыстан кетесің. – Турасын айтқан еді, Шоң сөзінің сонда.

Шоңның бірден бұлай жұмыстан кетесің дегені Жойқынбекке ұнамай қалды. Шоңның өзі де артықтау сөйлеп қойғанын сезді де:

– Ондай пошта жиі келіп тұрмайды. Айында екі-үш рет қана болады. Басқа уақытта асықпай апарасың. Тіпті, поштаның бес-алты күн келмейтін күндері де болады. Ондай кездерде менің атымды жегіп, атшым боласың.

Шоң атшылық туралы әуелінде айтпаған. Поштабай сөзі ұнап тұрғанымен атшы боласыңы ұнамады. Ойланып отырып қалды. Шоң мына жігіттің ойланып қалғанын сезе қойды да:

– Мен еңбегіңе ай сайын бір қой бермін. Ояз бес сом ақша төлейді.

Бес сом ақша, бір қой қыруар табыс еді. Шоңның мына айтқаны Жойқынбектің көңілінен шыққан болатын. Арада бес күн өткенде Ақтаудан пошта келді. Келген кісіге Шоң Жойқынбекті таныстырды.

– Бұдан былай сендер әкелген поштаны осы кісі апарады, – деп Жойқынбекті көрсетті. Ақтау бекінісінің бастығы да пошта тасып жүрген адамға айтқан алдында, «бұдан былай пошта тасу жаңа болыстың мойнына жүктеліп отыр. Енді біздің жұмысымыз жеңілдейді» деген еді. Расында, пәлен шақырым жерді салт атпен жүру оңай болмайтын. Енді бұдан былай Қараағаш пен Ақмола арасындағы поштаны басқа адам жеткізеді. Ақтаудан келген орыс қуанып қалды. Әлгі адам Ақмоладан келетін поштаны күтіп Шоң аулында қалды да Жойқынбек Ақмолаға тартқан. Шоң әкесіне айтып, бұл аса манызы бар мемлекеттік шаруа екенін түсіндіріп, бір ұшқыр ат бергізген. Бұрынғы болыстар орыс поштабайлардың тілегі бойынша кез келген ауылдың байларынан кезекпен ат алып беретін. Бірақ бұрын Телқозыдан сұрамайтын еді. Әкесі тұрып Шоңнан сұрады:

– Ыңғай менен алып тұра ма?