Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап - страница 27

Шрифт
Интервал


– Мені Телекең шақыртып жіберіпті. Жаңадан билер сайлайды дейді ғой, соған сенімен ақылдасқалы келдім.

Телқозының Әлсенді шақыруында сыр бар еді, өйткені би болуға өнкей қаусаған шалдар тілек айтып келіп жүретін. Олар тым көп еді. Телқозы да ақылды адам еді, ондайлардың айтқанына жығыла бермейтін, қулықпен сөйлейтін: «Анау ояз айтады екен, билер жас болсын, жергілікті билердің алдынан өтпес бұрын маған әкел деп жүрген көрінеді. Сонсоң Шоң ешкімді өткізе алмай отыр ғой» дейтін. Телқозының мазасын алып жүрген жастардың бірі Әлсен еді. Келген сайын Телқозының миын жейтін. Төрт-бес тәуір жылқысын да, Шоңға сездірмей әкеп тастаған. Телқозы соған құлап қалған. Ол жақсы білетін, кейбір билер өзімен теңдесіп төрде отырған жастарды ұнатпайтын. Би болуға шаштары ағарған карттар құмар еді. Телқозы Шоңмен қатарлас адамдардың би болуын қалайтын. Олардың Шоңмен тіл табысатынын білетін.

Телқозы айтар сөзі бар, баласына көмегі тиетін адамдардың сайланғанын қалайтын. Сондай адамдардың біріне Әлсенді санайтын. Бір ғажабы, екеуінің көңілдері жақсы болса да, ол Шоңға тікелей бармай жүрген еді. Бүгін келіп Телқозыға тағы айтқан Әлсен.

– Телеке, менің осы үйдің алдында еңбегім бар ғой. Онымен коса туыс адамдармыз. – Әкесінің Ерназардан әйел алғанын көлденең тартып отырған еді. – Ана Шоңға бірдеме айтып жібермейсіз бе? Бұл жолы кейінге қалдырған жоқ Телқозы. Әлсеннің көңілін қимай барып Шоңға айтқан еді. Ол не болады, не болмайды деген жоқ, өзінің әдетіне салып жүріп кеткен. Жүріп кетуі ұнатпағандықтың белгісі екенін Телқозы білетін. Келіп Әлсенге айтқан еді:

– Мен айтып көрдім. Қатар жүрген құрбысың ғой, өзің де барып сөйлессейші.

Бұл әңгімені Әлсеннің бастағанына біраз уақыт болған. Енді соза бергісі келмеді. Ақыры, Шоңның алдына өзі барған.

Әлсен сөзді әріден бастап біраз сөйлеп би мәселесіне келген еді. Шоң да тындап отырды да, айтқан ақыры:

– Олай болса үйіңе қайта бер. Мен ешқашан Телқозы айтқан адамды би сайламаймын. – Би болуға келгендер ыңғай Телқозының тамағынан бірдеңе өткізіп жүргенін сезетін Шоң да.

– Ештеңе бергем жоқ. Кеше шақырып кісі жіберген соң, бүгін келдім.

– Мен өзіме жақын жүрген адамды ешқашан би сайлауға көмектеспеймін. Екіншіден, сен әлі би болу жасына келген жоқсың, үшіншіден сенің мінезің билік айтуға келмейді. Тым қызбасың. Сол жақтарың маған ұнамайды. Сол себепті, сені би етіп сайлауға келіспеймін.