Қарақозы баласының атын атағанда «дұрыс, дұрыс» деген сөздің аузынан қалай шығып кеткенін де білмей қалды. Әнет Шоңның сөзін жақтырмаған күйде отырып қалған. Шоң оның бұл күйін байқады да, әдейі оны сөйлеткісі келді.
– Аға, сіз не айтасыз, Қаспақты ұсынғаныма? —деп сұрады.
– Сен болыссың, сенікі дұрыс қой. Мен не айтамын? – Әнеттің мына сөзінен оның ренжіп қалғанын білді Шоң.
– Сіз олай демеңіз, жөніне көшіңіз. Маған Жанкелді ұрпақтарының бәрі де бірдей. Мен ойымнан шыққанды айтып отырмын.
– Шоң сенің сөзіңде жан бар ғой, қалай қарсы шығамын, – деді Әнет. Шоң оның жүзінде реніш барып байқап қалды. Сонан кейін қайта сұраған:
– Бұл сөзді шын көңілден айтып отырсыз ба? Маған өз балаңның бірін биге ұсынбағаныма өкпелеп отырсыз ба? Олай болса Жанкелді тұқымынан ешкім би болмай-ақ қойсын!
– Жоқ, Шоң, бәрі дұрыс. Ақыл жастан демекші, дәл үстінен түстің, – деді Әнет.
Әнеттің мына айтқаны қорытынды сөздей болды. Бұдан кейін ешқайсысы сөзді әрі қарай дамытқан жоқ. Әңгіме осымен біткендей еді. Сол арада ауыл іргесіндегі Қаспақ ауылына ат шаптырып, оны шақырып алған. Ол келіп дастархан басына жайғасқан соң Шоң:
– Ендеше, Қаспақ балаларыңызға баталарыңызды беріңіздер, – деді. Бәрі бірауыздан бата берген еді, сол арада.
– Мен ертеңіне Ақмолаға жүруге дайындалып жатырмын. Мына әкелерің сені би болуға лайықты деп отыр. Сен де әкелеріңнің сеніміне лайықты болуға тырыс.
– Әкелерім сенім көрсетіп отырса, неге болмасқа!
– Мына сөзің көңілімнен шығып отыр. Ендеше, жолға дайындал, – деді. Ол көп отырған жоқ, жүзін қуаныш жайлаған Қаспақ үйден шығып кетті.
Ертеңінде қасына Қаспақты ертіп алып Шоң жүріп кетті. Жолай Әлсенге соқты. Ол елеңдеп күтіп, дайын отыр екен. Үшеуі де салт атта еді. Шоң атының басын Қожамжар ауылына бұрғанда Әлсен:
– Шоң Құлымбеттер ауылы алыс емес, күн әлі ерте, сонда барып қонайық, – деді.
Әлсен Қожамжардың өзін де, оның өзімен жасты баласы Түсіпті де жақтырмайтын. Мына сөзді содан кейін айтып отыр еді. Шоң оны түсіне қалды, бірден ашығын айтқан:
– Мен Түсіпті де би сайлағым келеді. Сондықтан да оны да ала кетпекпін.
Мына сөзді естігенде:
– Түсіп би болса, мен болмаймын, – деп, ат үстінде келе жатқан Әлсен бұлқан-талқан ашуланды.
– Сені би бол деп ешкім зорлаған жоқ. Сенің би болуың әлі белгісіз. Ояз не дейді екен. Алдымен соны тыңдайық. Содан кейін ауыл билерінің алдынан өтесің. Саған әлі би ауылы алыста тұр. Есіңде болсын Әлсен, Түсіптің сенен көп артықшылығы бар.