Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап - страница 33

Шрифт
Интервал


– Бұл босқа сөйлеп тұр. Базарға мал құнын білгелі бара жатырмыз, – деді Шоң. – Бұл Шөміштің баласы бет алды сөйлей береді.

– Орыстар да тамағынан өткізгенді жақсы көреді дейді ғой. Бұл Шөміштің баласы солай ретін табады.

Әлсен мына сөзге ренжіп қалды, бірақ онысын сездірген жоқ. Алдына дізерлеп отыра қалып, бата сұрады.

– Ендеше дұрыстап батаңызды берініз! – Бұл да оның Қожамжарды сынаудың бір түрі еді. Ол ойланған жоқ, батасын берді.

Әлсен әкесімен ыңғай араздасып, дауласып жүретін шалдың мына сөзіне риза болды. Шоң Әлсеннің бұл қылығына мән бермегендей, сырттау тұрған еді.

– Бұл не тұрыс, үйге кіріңдер. – Қожамжар үйіне конақ келсе ол оның беделіне, дәрежесіне, үлкен-кішілігіне қарамай мал сойғызатын еді. Сол әдетіне басып:

– Мына жітіттерге мал сойыңдар, – деп кіші баласы Жүніске нұсқау берді.

– Қожеке, біз Ақмолаға асығып жүріп барамыз, Түсіп қайда, соны алып кетпек ойымыз бар. Амандық болса, жатарға мына Құлымбеттер аулына барып қонбақ ойымыз бар, – деді Шоң. Жұма базарына дер кезінде жету керек. Сіздер биыл мал сатпайсыздер ма? Мына жолдан Лаудың баласын да ертіп кетпек ойым бар, Түсіпті де серік етіп ала кетсек деймін.

– Жарайды, олай болса өздерің білесіңдер. Менің сендермен біраз әңгімелесетін ниетім бар еді.

– Қожеке, асығыс Ақмолаға жүріп бара жатырмыз, келесі жолы арнайы келіп сөйлесемін, – деді Шоң.

Дегенмен, әлгінде Әлсеннің би болуға бара жатырмыз деген сөзі ойынан шықпай тұр еді, шыдай алмай, Қожамжар Шоңнан сұрады.

– Мына Шөміштің баласы би болмақшы. Ал мына інің ше? – Бұл кезде Шоңның іздеп отырған адамы Түсіп те келіп қасында тұр еді.

– Бұл Әлсен сізге ойнап айтады. Біз жай базардағы мал құнының нарқын білгелі бара жатырмыз. Әлгінде айттым ғой, Әлсеннің би боламын деген сөзді Қожамжар көзінше айтқанын ұнатпай қалған. Күні бұрын жария еткен Әлсеннің әлгі қылығын жақтырмай тұр еді. Бір жағынан ертеңгі күні өтпей қалса, Шоң өткізе алады деп айту үшін де мына сөзді Әлсен әдейі айтып тұрғанын сезді. Бұл Әлсеннің өзінше қулығы екенін Шоң түсінді. Сосын әңгіме бетін басқа жаққа бұру үшін:

– Түсіп, біз мына үшеуіміз базар нарқын білгелі бара жатырмыз. Сен барасың ба? – деп Түсіп қарады. Ол әкесіне қараған.

– Бар, биыл біраз мал сатылуы керек. Мына орыстар жерді тарылтып жіберді ғой.

Шоң Қожамжардың орыстарды еске алып, сөзді ұзатып жібергелі отырғанын білді де: