Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап - страница 34

Шрифт
Интервал


– Ал, Қожеке, рұқсат болса біз жүреміз…

«Жолдарың болсын» айтып Қожамжар қала берген еді. Түсіп бұлармен бірге кеткен. Былай шыққан соң Түсіпке не себепті Ақмолаға апара жатқандарын туралап, ашық айтты. Түсіптің кәдімгідей көзі күлімдеп, қуанып қалды. Жабағылардың ішінен өзін таңдап алып әкетіп бара жатқан Шоңға риза болған. Ол әлгінде әңгіменің шет жағасын естіген Шоңның ойыны ма, шыны ма, әлі де біле алмай келе жатқан. Өйткені, оның шыны ма, ойыны ма, түсініп болмас, қулыққа толы сөздері мен мінезі көп екенін білетін. Әлгінде әкесіне базар нарқын білеміз деп, енді айтып келе жатқаны мынау. Ол қуанып қалды, алайда сол күйін сездірмеуге тырысты. Бірақ та оның көңіл-күйі неге көтеріліп қалғанын үшеуі де сезіп келе жатыр еді. Шоң сөзін жалғады:

– Сендер қазақтың жағдайын ойлайсыңдар ма, әлде патшаның саясатын қолдайсыңдар ма?

Қулығы мол Әлсен сұрады:

– Сен кімнің саясатын жүргізесің?

– Мен орыстың да саясатын жүргіземін.

– Біз де соны жасаймыз, – деді Әлсен.

– Халқыңның қамын ойламасаңдар, онда сендерден қандай би шығады. Кейін қайтындар, – деді Шоң.

– Сен өзің ғой, орыстың саясатын жүргіземін дейсің. Енді мен не айтуым керек?

– Мені болыс сайлап, соған мәжбүрлеп отыр. Амалсыз соны жасауым керек. Билер әруақытта алдымен ел қамын ойлауы керек. Ал сен орыс саясатын қолдаймын дейсің.

Әлсен бір пәлеге қалдым ба деп ойлады да:

– Сен өзің ашып айтсайшы, орыстың саясаты қайсы, қазақтікі қайсысы?

– Міне, казак-орыстар көшіп келіп жатыр. Мұның арты не болатын білмеймін. Сондықтан әзірге орыстың саясаты маған түсініксіздеу. Олардың ертең не істейтінін болжау қиын. Соңсоң сендерді ел камын ойлайтын шығар деп ертіп әкеле жатырмын. Би боламыз дейсіңдер. Қандай саясат жүргізетіндеріңді білмейсіңдер?

– Білмесек, сен айтсаңшы, – деді Әлсен.

– Сенің өз көңіліңде не бар?

Шоң болыс болып келгеннен бері, ыңғай оның аузынан ел тыныштығын ойлау керек сөзін Әлсен сан рет естіген. Сол ойына түсіп кетті де айтты:

– Мен елдің тыныштығын ойлаймын.

– Ойланғаның жақсы ғой, жеріңе орыс келіп қоныстанып жатса, ол бола қояр ма екен. Ертеңгі күні олар жақсы жерге қоныстанбақшы болады, қазақ бермеймін, бұл атамнан қалған менің жерім дейді, содан барып жанжал басталып кетеді. Сонда сендер не дейсіңдер?

– Қой, оны жасай қоймас, – деді Әлсен.

– Неге болмайды, олар келгенде Бетпақ далаға қоныс теппейді. Нұраның ең тәуір шұрайлы, сулы-нулы жеріне қоныстанады. Көріп отырсыңдар, мына Түсіптердің іргесіне келіп қоныстанып алды. Мұнымен тоқтамайды. Ертеңгі күні тағы келеді. Казақтың барлық жерінде сүйтеді. Қазір Көкшетау, Қызылжар аймағына жүздеген отбасы қоныс тепті. Темештермен іргелес жатқан Тоқаның жеріне де бірнеше отбасы келіп қоныстанып алды. Ал сен келесің де айтасың, оны жасамас дейсің. Бұл сөзіңді қалай түсінуге болады?