– Шоң, орыстар біздің ауылдың іргесіне келіп қоныстанып алды ғой, енді оны қайтеміз, – деді Түсіп.
– Түсіп, олай болса анау Үлкен көңдегі отырған туыстар мен Елгелділерді көшіріп алыңдар. Содан кейін бір орыс жуымайды. Тағы да келуі мүмкін. Оны жасамасаңдар сан орыстар көшіп келе береді, маңайларына.
– Сен оны қайдан білесің. Сенімен ана ояз ақылдасты ма? – деп сұрады Әлсен.
– Әлсен, есіңде болсын, ешқашан саған орыстар мына жерге көшіп келетінін айтпайды. Ол жасырын шаруа. Ал қазіргі саясаттың өзі орыстардың қазақ жеріне көптеп келетінін дәлелдеп отырғандай.
– Ана орыстар айтып отыр ғой. Біз енді қасымызға басқа жақтан бір орысты жібермейміз дейді, біздің көршілеріміз, – деді Түсіп.
– Тура өз заемкасына жібермесе де, ар жағынан, бер жағынан келіп қоныстанып жатады. Ана сенің көршілерің оған қуанбаса ренжімейді. Ал ана сөзі сені алдау. Және оны шешетін Ақмолада отырған ояз да емес, одан жоғары отырған губернатор мен патша қасында отырған мықтылардың жоспары. Ал ояз соны екі етпей орындайды.
Мына сөзді естігенде Түсіп үндемей қалды. Оның орнына Әлсен айтты:
– Шоң, сен айтып отырсың ауыл арасы елу-алпыс шақырымнан болсын дейсің. Қалың Тоқа осы бір өзеннің бойына сия ма?
– Сыймаса анау Кұндызды жатыр, мына жақда Құланөтпес – бәрін жайлап алу керек. Неғұрым көп болып отырсақ, орыстар жуымайды. Содан кейін ана жер менікі, мына жер сенікі дегенді тоқтату қерек.
– Орыстар келіп тартып алмай ма?
– Ешқашан үлкен ауыл болып отырған елге тиіспейді. Қазіргі орыстың кіріп жатқаны елдің екі-үш үйден бөлініп отыруынан…
Сол күні олар Құлымбеттер ауылына келіп ат басын тіреген еді. Шоңның бұл ауылға келгенде ауылдың үлкен үйі Лаудікіне келіп тоқтайтын әдеті еді. Лаудың әбден қартайып болып отырған кезі еді. Шоң өткен сайлауда өзін қолдағанға риза еді. Не болса да дұрысына қарай сөйлей білетін Лауды ұнататын. Бұлар жайғасқаннан кейін Лау сөз бастаған болатын.
– Шоң, сен болыс болған соң осы жаққа орыстарды көшіріп әкеліп жатыр дейді. Сол шын ба?
– Оны кім айтты?
– Ана Қабайдың інісі айтты…
– Леке, есіңде болсын, мен қолымнан келсе бұл жаққа бір орысты жібермес едім. Бірақ менде ондай билік жоқ. Қазір орыстар не жасағысы келсе, соны жасайды. Қазақ қолынан жерге билік баяғыда кеткен. – Тағы да әкесі Телқозыға, Қожамжарға, мына үшеуіне айтқан сөзін қайталады.