Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап - страница 40

Шрифт
Интервал


Лау бұл сөзді түсінді ме, түсінбеді ме, әйтеуір бұдан кейін сөзді көбейткен жоқ, үндемей қалды.

Танертең тамақ ішкен соң олар жүріп кеткен. Асықпай жүріп отырып кешкісін Ақмолаға жетті. Шоң болыс болып кеткелі Әйімкүлге сан келген. «Тамағы тоқ, көйлегі көк» дегендей жүріп жатқан. Қаниса қызындай етіп ұстап отырған. Бұлар келгенде үйде Карбышев отыр екен. Оның анда-санда Қаниса мен Аққыздың халын біліп тұратын әдеті бар еді.

– Шоң Телкозинович, келіп қалдыныз ба?

– Семен Иванович, мына үш адам болашақ билер, әдейі сізбен таныстыру үшін әкелдім.

Ояз Шоңның мына би етуге алып келдім дегеніне онша мән берген жоқ. Карбышев қазақ билерінің орыс шенеуніктері алдында беделі жоғары тұруын ұнатпайтын. Сол себепті, болашақ билер деген сөзге көңіл аудармады. Шоң оның билерге мұндай көзқарасын жақсы білетін. Жалпы, ол қазақта осындай билік басты адамдар болатынын ұнатпайтын. Жоғары жақ билерді қолдаған соң, амалсыздан көнгендей түр көрсетіп жүргенін Шоң білетін. Мұнысын түсініп отыр еді. Содан ба, билер туралы сөз қозғамай, Карбышев Шоңмен біраз отырып ананы-мынаны әңгіме етіп кетіп қалған. Ол кеткен соң Қаниса айтты:

– Шоң, сенің осы жерден кетуіңнің қажеті жоқ еді.

Бұл сөзді Әйімкүл ықпалымен айтып отырғанын түсінді. Қазір патшаның саясаты туралы айтса сөз көбейіп кететінін білді. Ертеңгі күні ол Карбышев құлағына жетіп қалуы да мүмкін еді. Қаниса өзіне жамандық ойламайтын, алайда, сөз ретіне қарай Карбышевке айтып қойса жақсы болатынын білді. Соны түсінді де:

– Әркімнің өз отырған жері бар ғой, мен елге барып қызмет еткенді дұрыс деп білдім. – Бұл сөзді Шоң әдейі Әйімкүл үшін айтып отыр еді. Оның қасында болмай, осында қалғанын жақтырмайтын онша. Әйімкүл көңіліне қарап, осында қалғаны ұшін ештеңе айта алмаған.

Қаниса Шоңмен еріп келген конақтарға жақсылап тұрып тамағын бергізді. Содан кейін оларға кең бір бөлмеге төсек салғызып берді. Төсекке жатып, оңаша қалған соң Шоң Әйімкүлден сұрады:

– Сен Оспанды сағындың ба?

– Мына Бәтжан жоқтатпайды.

Мына сөзді жанағы Шоңның «ел» деген сөзіне байланысты айтып отыр еді Әйімкүл. Шоң оның жалған айтып отырғанын сезіп отырған. Әйтпесе, оны бір ғана Сақыжаннан туғаны үшін жек көретін.

– Сен шыныңды айтшы, Оспанды сағынбайсың ба? – Бұл сөзді әдейі қайталап айтқан. Әйімкүлдің ішкі сырын білу ойы болатын мұнысы. Әйімкүл оның бұлай сөйлеп отырған себебін түсіне қалған. Өткен жолы бір келгенде Оспанды ыңғай сағынамын деген. Енді бұлай сөйлеп отыр. Ақмоладан кеткісі келмей отырғанын түсінді. Сол сөздің дәлеліндей, Әйімкүл айтқан: