Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап - страница 58

Шрифт
Интервал


– Сіз Кенесарыны өлтірген патша әскерлері деп білесіз бе? Оны өлтірген сіздердің туыстарыңыз, киргиздар ғой.

– Ешқашан қырғыздардың қазаққа тісі бата алмас еді. Орыстар оларды айдап салды бізге. Өз бетімен келіп қырғыздар қазақтарға тимейді.

– Ал біздің баспасөзде Кенесарыны өлтірген қырғыздар екенін жазып жүр ғой.

– Бұл шындықты шатастыру болып отыр. Өздерін қазақтар алдында ақ етіп көрсеткісі келеді. Төрелердің де, қазақтардың да ақылдылары бәрін ұйымдастырған орыстар екенін біліп отыр. Бұл әдейі екі халықты бірімен бірін араздастыру үшін жасалып отырған саясат. Қазақтар мен қырғыздар жауласып отырса бұл орыс үшін пайдалы. Менің бұл айтқаныма, Петр Константинович, қалай қарайсыз?

– Сіз шыныңызды айтыңызшы, орыстардың бұл жаққа келгеніне қарсысыз ба?

Шоң Карповтың мына сөзінен қорқып қалды. Орыстардың осылай алдап-сулап төрелерге шындықты айтқызып, апарып түрмеге жапқызып қоятынын білетін. Сондықтан Шоң бұған сақ болатын. Карбышевпен өзімен байқап-байқап, алды-артына қарайлап сөйлейтін. Мына кісінің айтқанына елігіп отырып, артықтау алға кетіп қалғанын енді сезді. Өзін ақтау үшін айтқан:

– Мен орыстардың осында келіп қоныстанғанына қарсы емеспін, бірақ халық қарсы. Жерге таласу басталды, екі халық арасында. Сіз мені түсініп отырған шығарсыз. Егер орыстардың мұнда келуі тоқталмаса, бұл жанжал тоқтамайды. Біз елдігімізді жоғалтып аламыз ба деп қауіптенемін. Содан қорқамын.

Карпов отырып айтқан:

– Әр заманның өз саясаты бар. Қазір барлық жерлерде әлсіз мемлекеттерді әлділер жаулап алу басталды. Англия Индияны, немістер Африканы, француздар Араб елдерін жаулап алуда. Испандар мен ағылшындар Америка құрылығына шығып кетті. Орыстар маңайдағы аз халықтарды жаулап алып жатыр. Мұның аяғы не болатынын білмеймін. Аз ұлттарды халық есебінде құртып жібере ме, білмеймін. Сіздердің жерлеріңізді жаулап алып, казактарды көптен көшіріп әкеп жатқанын жақсы білемін.

Шоң көкейінде тұрған сұрақты тоқтата алмады:

– Ресей орыстардың келуін тоқтатпаса, мұның арты не болады деп ойлайсыз?

– Ешқашан Ресей қарамағындағы халықтарды түсінбей, олардың ойларына көңіл бөлмей, ілгері баса алмайды. Бір философ айтыпты: « Ресей маңайындағы халықтармен дұрыс саясат жүргізбей, дамымайды», – деп. Мен оған да, сіздің айтқаныңызға да қосыламын. Сіз қысылмаңыз, маған турасын айтыңызшы, орыстардың осында көшіп келіп жатқанынан қорқасыз ба?