– Сіздер немене, губернатор бұйрығына қарсысыздар ма?!
Мынау сөз оларды біраз басып тастағандай еді. Жиналғандар бір сәт үндемей қалды. Герасимов сөзін әрі қарай жалғады:
– Ояз бұл болысқа болыс етіп Шоң Телқозинді ұсынып отыр дедім ғой. Соған дауыс бересіңдер. Басқа басы артық сөздің қажеті жоқ!
– Сіздер де өз қалағандарыңызды болыстыққа ұсына берініздер, – деді Шоң. Бұл сөзді жиналғандардың көніл-күйіне қарай айтып отыр еді ол. Герасимов Шоңның мынасын жақтырмай қалды, ол сөзін әрі қарай жалғады.
– Естеріңде болсын, қазір ояз ешқандай сайлаусыз-ақ губернатормен ақылдасып болысты өзі тағайындайды. Сіздердің алдарыңа ояздың өзі қалаған адамды жіберіп, ақылдасып отырғанына рахмет айтыңыздар. Түсініңіздер!
Әлгі Шоң сөзі себеп болды ма, енді мына айтқан Герасимов сөзіне мән бермей билер бірінен соң бір тұрып, өздерінін тәуірлерін атай бастады. Бәрі айтып болған соң Герасимов қайыра орнынан көтеріліп:
– Естеріңізде болсын, біз бұрынғыдай көп болыс емес, бір-ақ болыс сайлағалы жатырмыз. Сол себепті, мына адамдардың санын азайтыңыздар. Тандаған бір-ақ адамдарыңды кіргізіңіздер – деді. Герасимов бұл сөзді амалсыздан әрі қулықпен айтып отыр еді. Герасимов егер Шоңнан басқа біреуді сайлап барса, Карбышевтің күн көрсетпейтінін білді. Сонда да Шоңның мына айтқанына ешқандай амалы қалмағандықтан, еріксіз көніп отыр еді.
Герасимовтың әлгі айтқан сөзі олардың тілектерінен шықпай отырған. Ояз жіберіп отырған адамға қарсы да шыға алмады, бір жағынан. Ақыры ақылдаса келіп, елдің мықтылары төре болғандықтан, жеңсе осы жеңеді деп Қабайды қалдырды. Өйткені, орыстардың қазақтан гөрі төрелерге жақсы қарайтынын білетін. Жоғары жақтың да төрелерге көзқарасы өзгере бастағанын бұлар әлі білмейтін. Оңаша ақылдаса келіп, дауысқа түсетін Шоң мен Қабайға тоқтаған. Қанша дегенмен Қабай – төре, оның сондықтан да бұл жерде билердің арасында беделі бар еді.
Герасимов тұрып тағы қайталап айтқан:
– Болыстыққа ояз Шоңды ұсынып отыр. Соны естен шығармаңдар. Дұрысқа көшіңіздер. Оны жасамасаңыздар, басқа тәртіп болады. Осыны есте сақтаңдар.
Герасимов аузынан мына сөзді естігенде жиналғандар корқып кетті.
– Ол қандай тәртіп? – деді бір би отырып.
– Омбыдан, Ақмоладан жіберілген өкілдер басқарады.
Дуан орнына ояз басқарғаннан кейін ел арасында болыстарды да орыстар басқаратын тәрізді өсек шығып жүрген еді. Ел арасында тарай бастаған сол сөз көптен бері билердің бастарына мықтап орнап қалғандай еді.