Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап - страница 71

Шрифт
Интервал


Шөміш Жанкелді қайтыс болғанда ауырып қалып топырақ салуға бара алмаған болатын. Мына ұлы атасының атын атап алыстан әдейі шолып айтып тұрға болжаған Шөміш. Сөз таусылып қалғандай болды. Дегенмен, мына жас болысқа тигізіп бірдеңе айтқысы келді де:

– Сені орыстар жайдан жай болыс қойып жүрген жоқ екен. Сен жеңдің, мен жеңілдім. Сөзіңнің қатесі жоқ…

Шоң мына сөздің арғы түп-мағынасын түсіне қалды. Бірде әкесі сұраған: «Сені осы болыстыққа ояз қойды дейді. – Телқозы бұл сөзді елден естіген сөзіне байланынысты айтқан еді. – Сол рас па?» Шоң әкесінің бұл сөзіне ренжіп: «Осында өңкей билер сайлады ғой. Оны өзіңіз көрдіңіз!». Телқозының көкейінде «билер сені ояздан қорыққанынан сайлады» сөзі тұр еді. Оны айтпады. Ел әдейі Шоң ояз қарамағында істегендіктен сол үшін сайлап отыр, бастығын сатып алды сөзін ойы-шыны аралас айтқанын естіген кейбір мықтылардан Телқозы. Шоң сонда әкесінің аузынан сол сөзді естігенде ренжіп қалған. Бұл менің дұшандарымның айтатын сөзі деп, әкесіне қатты өкпелеп қалғандай болған сонда. Шөміштің мына айтқанында да соған ұқсас бір мағына жатқанын түсінді Шоң. Соған орай:

– Мені орыстар емес, осындағы сіздердің билеріңіз қойды ғой. Сіз неге келмедіңіз?

– Мен барғанда болыс болып сайланбай қалатын едің!

– Әлі не кеш емес, Ақмолаға біраз билерді ұйымдастырып арыз жасаңыздар, орнымнан шығарады да тастайды.

Шоңның шындап бара жатқанын сезді де, Шөміш артықтау кеткенін білді:

– Тоқадан болыс сайланып жатса, неге ренжимін? Мен саған ойын үшін айтып отырмын ғой. Бұл басы артық сөзді доғар да, үйге кір.

– Басты шаруамды орындадым, сәлем бердім. Енді үйге кірмеймін.

Әлсен Шоңның әлгі өзінің ат айдағанына, әкенің мына сөзіне ренжіп қалғанын білді де:

– Әкей әзілдеп айта береді. Соны көңіліңе алдың ба?

Ауылдан шыққалы бұзылған Әлсеннің көңілін тағы да бұзғысы келмей Шоң үйге кірген еді.

Дастархан басында жап-жақсы әңгіме басталды. Көңілдері келісіп, Шоң Шөмішпен ұзақ әңгімелерге барып, түннің бір уағында дейін отырды. Шөміш бұл жолы Шоңның ойынан шыққан біраз әңгімелер айтты:

– Сен болған соң, Әлсен би болып сайланды. Мұның кисық мінезі бар. Алдында осында өзім қатарлы талай би шалдарға айттым, бірі қолдамады. Ақыры сенің арқаңда өтті.

– Әлсен турасын айтып тастайды. Сол себепті шалдарға жақпайтыны, тікесінен айту да әділдіктің белгісі. Нағыз өзіңізге тартқан. – Бұл сөзді Әлсеннің айтқан сан сөздері есіне түсіп айтып тұр еді. Әлсеннің кейде басы-көзі демей айтып салатынын білетін Шоң.