Бойымда қаным тасып тұрған қаншама жас болсам да, командирдің босағасын аттауға батылым бармай жүрді" деп сөзін жалғастырды ата.
"Сонымен не керек осы менің күнделікті жұмысыма айналып кетті. Кейде картоп тушенька нанды түске дейін апарсам, түстен кейін ұсақ-түйек нəрселерді алып қайта баратынды шығардым. Бөлімшедегі жұмысым болса таңертең машинаны от алдырып алаңды бір айналып жүріп өту, сонан соң өз командиріме машина жүргізуді үйрету. Басқа істейтін жұмысым жоқ. Күндер осылай сырғып екі ай көзді ашып – жұмғанша өте шықты. Менің бір ойым ауылда қалған шешем мен екі бауырым да болса, ақыл есім "Татюша" дейтін командирдің əйелінде болды. Ойлап қоямын “кет əрі” емес сияқты. Сары шашты сылқым сұлу мағанда ұнайтыны жасырын емес. Өзінің менен бес – алты жасқа үлкендігі болмаса, əп – əдемі талдырмаш келген сүйкімді келіншек. Осылайша санам жан – жаққа жүгіріп, құшақтай салуға ыңғайланып барамын да, күлімдеп есік ашқанын көргенде аяқ қолымнан жан кетіп қатамын да қаламын. Қатпай қайтем, негізі дұрыс емес екенін мен де білем, ол да біледі. Капитан шенді Летченко (Лещенко болуы да мүмкін осыған ұқсас) өз командирім ғой. "Сезіп қойса, Сібір айдатса" деген үрей тағы бар. Ол заманда Сібір айдау, Итжеккен, Барса келмес деген сөздерден қатты қорқушы едік. Себебі, бұл сөздер менің шешемнің туысқандарын да айналып өтпегені бар. Ал командирдің сылқымы болса, мен барған сайын ақ халаттың түймесін шала ілдіріп шығып тіпті “солдатик “деп басымнан сипайтынды шығарды. Ол ол ма, келесі бір барғанымда қолымнан ұстап үйіне кіргізіп алып:
– Жақында стрельбаға кетесіңдер. Сендерге “Калаш“ деген жаңа мылтық келе жатыр. Бірақ сен абайла, айналаңның бəрі соғыс көргендер, қан көргендер, есі дұрыс еместер, ал сен маған керексің, – деп бетімнен шөп еткізіп сүйіп алмасы бар ма? Тұла бойым мұздап сала берді. Қорыққаным сонша тезірек кеткім келіп есікке қарай ыңғайландым да, дірілдеп, қалшылдап кеттім. Дірілдемей қайтемін, есіктің оң жағында кеудесі орден – медальға толы командирімнің портреті тұр. "Соғыс көргендер, қан көргендер ақыл есі кемістер" деген сөз есіме түсіп, онан сайын қорқып зəрем ұшып шығып қаша жөнелдім. Бөлімшеге жетіп енді бармаймын деп шештім. Ал командирім болса “Қалай, аман – сау апарып келдің ба?” – деп бір ауыз сұрағаны болмаса лəм – мим деп жағын ашпай құшақ – құшақ қағаз көтеріп анда – мұнда жүреді де қояды. Мен болсам сол күні – ақ ыңғайын тауып сөйлесіп өз командиріме барғым келмейтіндігін жеткіздім.