Алыптардың көбі мұндай көршілерін қабылдағысы келмеді. Кіп-кішкентай болып, шуылдап, тарсылдатып, от жағып, аяққа орала беретіндерін жақтыртпады. Дегенмен, олардың арасындағы Қажы есімді дәу жаңа көршілеріне мейіріммен қарап, тіпті, қолынан келгенше қолғабыс етті. Олардың балаларын да жақсы көрді. Кей жерде аяушылық танытса, кей тұста қоректі қайдан табуға болатынын, малды қайда бағу керектігін айтып отырды. Ал кешке қарай кішкентай адамдардың қасына, от маңына жайғасып, әдемі, мұңлы және көңілді әндерін тыңдады. Осындайда ол «өмір сүру оңай емес, алайда жақсы ән тыңдасаң, шаршағаның сол сәтте басылады» деп таңқалатын.