Өмір – сынақ - страница 5

Шрифт
Интервал


Жыл аяқталып қалған. Үш күн ішінде 120 қызметкермен сұқбаттасып үлгеруім керек болды. Келесі жылғы жұмыс аясында қызметкердің не бітіретінін, қандай лауазымға лайық екенін білуім қажет еді. Менің он жыл мемлекеттік қызметтегі ең ауыр үш күнім болды. Әрбірімен жекелей сөйлестім. Бірімен келісім шартты создық. Кейбірімен қоштастық. Себебі, ол қызметкерлердің институт жұмысына еш пайдасы болмады. Әншейін уақыт жоғалту үшін келіп-кетіп жүргендерден құтылдық. Қызметкерлер саны екі есеге азайды.

Жыл соңына қарай қызметкерлердің бір жылдық келісім шарты тоқтайтын. Жұмыс ары қарай үздіксіз жүруі үшін салалық орталықтар бойынша құрылым жасап, осы орталықтарға сол саланы жетік білетін әрі мықты сарапшы бола алатын адамдарды тағайындамақшы болдым. Бөлім басшылары (ескі құрылымда) негізінен зейнеттегі кісілер екен. Олардың білімі мен тәжірибесін ескере отырып, әрбіріне институтта өз саласы бойынша сарапшы болып қала беруді ұсындым. Бөлім басшылары ұсынысыма түрліше жауап қатты.

Бір бөлім басшысы: «Жоқ. Рақмет. Мен кетемін», – деді. Екіншісі – ақжарқын, ақкөңіл адам, ол жұмысқа шын көңілмен берілген, білгенімен бөлісіп отыратын, хас майданда жүрген жастарға ақыл айтатын, қолдау білдіретін, өзі де экономикалық сараптаманың бүге-шігесіне дейін қанық адам еді. Сол кісі: «Әрине, мен сарапшы болып қала беремін. Анар Ертөлеуқызы, сізді жақсы көремін, жастарды да жақсы көремін», – дегені. Жанға медет болған сөздер еді.

Тағы бір бөлім басшысы тым күйгелек екен. Ол орнынан атып тұрып: «Мен өмірбақи осында жұмыс істедім…», – деп ұзынсонар ренішін айтты. Артынша есікті тарс жауып шығып кетті. Кабинетіне жеткенше дәліз бойы мені боқтап барды. Шаруашылық басшысы есі шығып, жетіп келіп, мына бөлім басшысынан мені қорғау керек дегенді айтып еді. Мен түк етпейді десем де, ол үш күн бойы мені көлікке дейін жеткізіп салып отырды. Ол жерде маған қауіп төнді деп ойламаймын. Бірақ, мені шығарып салуы ұжымның татулығын көрсетті деп есептедім.

Түрлі мекемеде жұмыс істеп көрдім, әркез көзім жеткен бір шындық бар: егер бір командада тілеулес, ниеттес, жағдайды сараптай алатын алғыр, тапқыр адамдар жұдырықтай жұмылса, сонда ғана нәтижеге қол жеткізуге болады.

Институттағы қол жеткізген негізгі жетістігім – Қазақстанның Өңірлік даму бағдарламасы болды. Қай өңірде экономиканың салаларын дамыту қажет, тұрғындардың ел ішіндегі көшін қалай жоспарлау қажет, қандай экологиялық қауіпті аймақтарда адамдарға тұруға болмайды, соның бәрін зерделедік.