Қылмыстық процесте бизнесті қорғау - страница 7

Шрифт
Интервал


ҚР ҚПК 99-бабына сәйкес процеске қатысушы, оның ішінде адвокат, қылмыстық процесс барысында маңызы бар мән- жайларды анықтау, өтінішхатпен жүгінген адамның немесе олар өкілдік ететін адамның құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін процестік әрекеттерді жүргізу немесе процестік шешімдер қабылдау туралы өтінішхаттармен тергеушіге жүгінуге құқылы. Осыған байланысты егер тергеуші менің өтінішіме 3 тәулік ішінде тиісті қаулы шығару арқылы жауап бермесе, ол мұны ҚР ҚПК 99-бабы бойынша жасауға міндетті, онда мен ҚР ҚПК 105-бабының тәртібімен осы істі қадағалайтын прокурорға шағым жазамын, ал қадағалау органы әрекет етпеген жағдайда, ҚР ҚПК 106-бабының тәртібімен тергеу сотына ұқсас шағыммен жүгінемін. Заңның көрсетілген нормасы тергеудің сотқа дейінгі сатысында заңдылықтың сақталуын сот бақылауының құқықтық тетігін бекітеді және тергеушінің немесе прокурордың әрекеті немесе әрекетсіздігін тікелей қозғайтын кез келген адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған. Әдетте шағым қаралғанға дейін немесе ол қаралған күні тергеуші адвокатпен белсенді түрде байланысқа шығады және түсінбеушілікті шешу үшін кездесу ұсынады. Жалпы тергеушімен болатын барлық қарым-қатынасты құжаттандыруды ұсынамын. Мысалы, тергеу әрекетінің сол хаттамасында жауап алғаннан кейін өтініш жазамын. Осылайша ол жоғалмайды, тергеуші оған жауап беруге мәжбүр болады, бірақ бұл оған ұнамайды. Ол менің әрекеттерімнің хаттаманы бұзғанын айтады, бірақ іс жүзінде олай емес, өйткені бұның бәрі заңмен рұқсат етілген. Мәселен, ҚР ҚПК 123-бабы 4-бөлігіне сәйкес, ауызша айтылған толықтырулар, түзетулер, ескертулер, қарсылықтар, өтінішхаттар мен шағымдар хаттамаға енгізіледі, ал жазбаша нысанда жазылғандар хаттамаға қоса беріледі. Бұдан басқа, ҚР ҚПК 199-бабы 6-бөлігіне сәйкес хаттама тергеу әрекетін жүргізуге қатысқан барлық адамдарға танысу үшін ұсынылады. Олар хаттамаға енгізілуі тиіс ескертулер жасау құқығы түсіндіріледі. Хаттамаға енгізілген барлық ескертулер, толықтырулар, түзетулер ескертілуі және осы адамдардың қолымен куәландырылуы тиіс.

Тергеушімен, прокурормен, сотпен қарым-қатынас – бұның барлығы сыртқы қорғаныс. Бірақ клиентпен, ішкі қорғаныспен қалай жұмыс жасау керек? Жалпы қылмыстық істерден айырмашылығы, экономикалық қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша басынан бастап айғақтар беру, тергеуге құжаттарды көрсету қажет. Бұл неліктен маңызды, себебі көптеген адамдар экономикалық қылмыстар туралы істерде ең бастысы құжаттар деп санайды. Иә, дәл солай, бірақ осы дұрыс рәсімделген құжаттарды өзің тергеушіге бірінші көрсетіп, оның қатысы бар адамға деген қызығушылығын жоғалтатындай етіп түсіндіріп берген дұрыс. Тергеу – жедел тобы клиенттің кеңсесіне куәгерлерімен келіп, жәшік- терге салынған компьютерлері бар барлық құжаттарды тәркілеп, клиентті ешнәрсесіз қалдыруы сорақылық болып табылады. Тәркіленген құжаттардың көшірмелерін уақытысында жасамағандықтан, болашақта сол құжаттарға сілтеме жасай алмайды.