Armanga bastar asular - страница 2

Шрифт
Интервал


Тас, мыс, қола дәуірлерінде өмір сүрген ата-бабаларымыз, әлемде алғаш болып жылқыны қолға үйреткен халық. Металлдың құпиясын меңгеріп, мысқа қалайыны қосып, қоланың жасалу жолын ойлап тапқан. Ең көне қала, Арқайым қала өркениетін қалыптастырып, әлемді мойындатқан. Осындай халықтың мінез-құлқын, өзінің өмір жолында кездескен көптеген кедергілерді жоя білген, буырқанып таудан аққан өзен суының дүлей ағысына теңеуге болады. Өмір сүру дағдысы да өзгеден ерекше, дана халқымыз пайдаланған, күнделікті жейтін жылқының етін, оның сүтін, ірімшікті, кілегейді, айранды отырықшы елдер тіпті білмеген деседі. Сонымен қатар, малдың жүнінен, терісінен қажетті киім-кешектер, бас киімдер, аяқ-киім, құрал-саймандар салатын қоржындар, ыдыстар, киіз үйлер, төсеніш киіздер, кілемдер жасаған. Орталық Қазақстан аумағында қола шығару үшін қажетті материалдық-техникалық база қалыптастырған. Әлемде сирек, тіпті мүлдем кездеспейтін кен байлықтардың қоры шоғырланған кең байтақ, ұлы мекенді иемденген. Сондай-ақ, дөңгелекті соғыс арбаларын, үзеңгіні, ауыздықты да дала халқы ойлап тапқаны тарихи зерттеулерден белгілі. Мыс, қалайы, күміс, алтын және т.б. металлдарды ұрып-соғып балқытып, сан алуан зергерлік бұйымдар жасап, сауда-саттық орталығына айналған. Қазақтардың ата-бабалары саналатын сақтар, үйсіндер, қаңлылар, ғұндар Еуропаның халықтарынан әлдеқайда ерте кезеңнен бастап, өздерінің мемлекеттерін құрғаны, басқару жүйесінің қалыптасқаны, мәдениеттілігінің көрсеткіші саналатын жазуының болуы археологиялық зерттеулер нәтижесінде дәлелденген.

Осы орайда, біздің заманымызға дейін білім алу дағдысы болмаған, қазақ халқы тек мал бағып, оны көбейтумен ғана айналысқан деген сан алуан пікірдің қалыптасуына нүкте қоюға болатын секілді. Тамаша мәдениетті қалыптастырып, ұлы ғұламалардың әлемдік революцияға айналған тың жаңалықтар ашуына жол ашқан, бабаларымыздың тектілігін бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіруіміз керек. Менің осы уақытқа дейінгі бір байқағаным, өсіп келе жатқан қаракөздеріміз тарихтың тереңіне үңіліп, қызықпайды. Олардың көз алдында теледидардан көрсетілетін ашаршылық кезеңіндегі түсірілген, халқымыздың үдере көшкен, жан түршігерлік аянышты бейнесі ғана қалып қойған сыңайлы. Ал, сәні мен салтанаты жарасқан хан ордалары мен тамаша көне қалалар туралы көріністер кемде-кем.