Төңкеріс. Пиесалар - страница 25

Шрифт
Интервал



Ғабдуррахман. (Қазидың жанына оралып келіп, екінші қызға) Кіндігің неге ашық, ә?! (қыздың кіндік тұсын көздеп қамшысын сермейді, қыз шыңғырып жіберіп, ішін екі қолымен басып, бұғып қалады, оны ұстап тұрған шейхтің көмекшілері оның бойын түзетіп тұрғызады)

Екінші қыз. Ағатай! Ұрмаңызшы! Кешіріңіз, мен енді кіндігімді ашпаймын. Кешіріңіз, ағатай, кешіріңіз, мен енді дұрыс киініп жүремін! (жылап жібереді)

Ғабдуррахман. Киінесің, әрине киінесің! Енді жалғыз сен емес, барлық қыз-келіншек адам сияқты киініп жүретін болады. (Қазиға) Мына қызға қандай жаза тағайындайсыз?

Қази. Бала тым жас екен. Сондықтан бірінші ретке кешірсек қайтеді?

Ғабдуррахман. Менен несін сұрайсыз – бұл жерде қази сіз емес пе! Шариғат заңы бойынша жаза беріңіз. Тағайындаған жазаңыз тым жеңіл болса, немесе орынсыз кешірім жасасаңыз Аллаһтың алдында жауап бересіз.

Қази. Иә, иә, әрине. Ал бұл балаға он дүре берілсін.

Ғабдуррахман. (көмекшілеріне) Апарыңдар бағанға, соғыңдар он дүре!


Халық шуласып кетеді. «Аясаңдаршы, қаршадай баланы қалай сабайсыңдар!» «Мүлдем сәби әлі, қалай ғана қолдарың көтеріледі?!» деп жатыр.


Ғабдуррахман. Тынышталыңдар! Бұл не шу? Он дүреден ешкім өлмейді. Қайта жақсы сабақ болады. Өзіне де, басқа қыз балаларға да. Жандарың ашыса бұрын қайда болдыңдар? Неге жалаңаш жүргізіп қойдыңдар балаларыңды? Осылардың барлығы сендердің алдарыңда жүрмеп пе еді! Жалаңаштанып, күнәға белуарынан батып жүргенде аямадыңдар, ал енді әділ жаза аларында аяп қалыпсыңдар. (көмекшілеріне) Неғып тұрсыңдар? Апарыңдар, байлаңдар бағанға.


Қызметшілер қызды бағанға кісендейді де, жендет қыздың жалынып-жалпайғанына, көз жасына қарамастан дүре соғады. Халық гу-гу. Сонсоң бұл қыз да босатылып жәйіне кетеді.


Қази. Енді кім бар?

Ғабдуррахман. Келесі қылмыскерді әкеліңдер.


Шейхтың көмекшілері бір жас жігітті алып келеді.


Қази. Бұл жігіттің қылмысы неде?

Ғабдуррахман. Бұл ұры. Қалта қағып тазартатын ұры, қолының жылбысқасы бар. Бір азаматтың күмәжнігін ұрлап жатқан жерінде ұсталыпты.

Қази. Куәгерлер бар ма?

Ғабдуррахман. Бар. Куәгерлер, жақындаңдар. (екі куәгер келеді)

Қази. Бұл куәгерлер сенімді ме?

Ғабдуррахман. Әлбетте! Бұл мұсылмандарды біздің хазіреті имам сенімді адамдар деп сипаттаған. Екеуі де бұрыннан намазхан екен.

Қази. Жақсы. (бірінші куәгерге) Мына жігіттің ұрлық жасағанын өз көзіңізбен көрдіңіз бе?