Астана әңгімелері. Бәріне кінәлі жалғыз сен… - страница 3

Шрифт
Интервал


Осы сауық кешіне көбінесе оңтүстіктен келген жастар жиналған еді. Қазақ тілді, тәрбиелі, жұмыс жасап жүрген жастар, қыз-жігіттер. Жас мөлшерлері он тоғыз бен жиырма бес жас шамасындағылар. Нағыз отты, жалынды, қызу қанды жастағы жастар жиналған.

Жиналған топ әдетінше дәмхана, мейрамханада емес, бұл жолы сол жағалаудан бой тартқан «Бәйтеректің» жанындағы көпқабатты үйдің бір пәтерінде Жаңа жыл кешін тойлауға бас қосқан еді. Жаңа жылдың бірінші қаңтары болатын.

Үш бөлмелі әсем пәтердің ішінде жиырмаға жуық қыз-жігіттер кештің көңілді өтуі үшін бірде ән шырқай кетсе, бірде қазіргі заманғы музыканы қосып алып, билей жөнеліседі. Шведтік столды қажетті тағамға, арақ-шарапқа толтырған.

Осы кеште Беріктің көңілі жаңа танысқан Ақмаралға түскен. Басқа қыздармен салыстырғанда Ақмарал салмақты мінезді, көрікті, сұлу болып көрінген. Ақмаралдың шексіз әдемі әрі тұңғиық көздері Беріктің назарын еріксіз өзіне аударған. Бүкіл ғаламда Ақмаралдан басқа адам қалмағандай көрінген.

Бұл күнге дейінгі өмірінде ешуақытта айтып көрмеген, ойына келмеген бір сырын, бір сырын ғана емес бар сырын тек Ақмаралға ғана айтқысы келген Берік қыздың көңілін аулау үшін бар өнерін салып, тырысып баққан.

Әндермен, қалың думан жастар сауығымен, әр алуан көңілді ойындармен кеш қызықты өтіп жатқан.

Ақмаралға да Берік өзінің мінезімен, ашық-жарқын, жұғымды мінезімен өмірінде алғашқы рет, қатты ұнады…

Сол түні екеуі оңашада ұзақ, көп сөйлесіп, іштей қатты сыйлас, қымбат достардай, бір-бірін өмір бойы танитындай болып айырылысты…

Осы түннің артынан тағы бірнеше күн бойында Ақмаралдың жұмыстан қайтқан кезінде Берік келіп, көлігімен оны үйіне дейін жеткізіп салып, ұзақ сөйлесіп қайтушы еді.

Беріктің тілегені екеуінің достығы, махаббаты мәңгілік болуын армандайтын-ды.

Әдеттегідей, Ақмаралды жұмысынан алып қайтуға барар жолда Берік қатты қобалжып, оған деген өз махаббатын, сезімін білдіруді шешкен. Бұл кештің ерекшелігі он төртінші ақпан болғандығы еді.

Ескіше ғашықтар күні болғандықтан, сезімін білдіруге дәл осы күнді таңдаған Берік жолда гүл сататын дүкенге соғып, қызыл раушан гүлін алған. Мейрамханадан алдын-ала столға тапсырыс беріп қойған. Көп кешікпей, көзделген уақытта, әуенді музыканың сарынымен Ақмаралға сөз айтты. Осы уақытқа шейін жүрегі жауланып үлгерген Ақмарал Беріктің сөзін қабыл алып, екеуі қыз бен жігітке айнала қалған.