Әлгінде өзі айтып жүрген, үзіліп кеткен әні құлағына қайта естіліп, қайтадан сол бір ғажап сезімге бөлей кетті:
Бәріне кінәлі, бәріне кінәлі,
Бәріне кінәлі жалғыз сен.
Қоштасып тұрғанда, бозарып таң атты.
Бұл таңдар неліктен тез атты.
Қоштасқым келмейді, қоштасқым келмейді,
Қоштасқым келмейді өзіңмен.
Қоштасып тұрғанда, бозарып таң атты.
Бұл таңдар неліктен тез атты?!…
Осы әннің әуенімен, желдің самалымен Ақмаралдың иісі, шаштарының иісі мұрнына келеді. Иісімен бірге ілесе Ақмаралдың елесі келеді… Бірге болған бақытты шақтың елесі келеді…
***
…Беріктің арман қуып Астанаға келгеніне салмақ салар уақыт болмаған кезі еді. Кіндік қаны тамған өлкесін қимастан, жылы өлкесінен әке-шешесі мен бауырларының қас-қабағына қарамай аз-маз қаржы, өзінің өмірдегі орнын табу мақсатында, аңсаған армандарына қол жеткізу үмітімен келген болатын.
Ауылында жүрген кезінде сағымдай бұлдырайтын Астана – жылы шырайлы болып көрінгенімен, алайда Берікті құшақ жая қарсы алған жоқ. Айтуға тіл жетпейтін дамылсыз, жаз демей, қыс демей соғып тұратын желі шошытқан.
Қазақ елінің соғып тұрған жүрегі «Астананы» Есіл өзені оң және сол жағалауларға бөліп тұр. Ай мен күндей екі жағалау екі түрлі. Оң жағалау – толықсыған айдай сабырлы, қартаң. Сол жағалау – жарқыраған күндей шуақты, жап-жас. Екі жағалау да үнемі қимыл үстінде.
Жаңа астананың көріктігі мен сұлулығы ешбір сөзбен жеткізе алмайтындай, тек көзбен көретіндей – Отанның оттай мақтанышына айналған!
Берік жанына бөтен қаланы үнемі ауылымен салыстыратын. Туған жерінің топырағын сағынып, қалаға бірден сіңісе алмаған. Астаналықтар кейде тым қатал, суық болып көрінетін. Алайда, өзінің ашық мінезділігі мен тез тіл табысқыштығы жаңа таныстар, достар қатарын көбейткен. Сонымен қатар, Астанада барлық аудан, облыс, қалалардан келген (арман қуып келген) адамдар көп болғандықтан, олардың сан қатарында өзінің сыныптастары, курстас достары, ауылдастары да жетерлік еді.
…Осы қалада жүрген бірталай достары, сыныптастары жиылып, өзінше бір сауық құрған кеш болатын. Берік пен оның жан жолдасы Жартас та осы кеште болды.
Жартас Берікпен бесіктен белі шықпаған кезден бастап дос. Орта бойлы, ұсқынды келбетті, сөзшең Жартас – кез-келген қыздың басын айналдыра алатын. Оның үстіне, киім үлгісі әрі сәнді, әрі сапалы, әрі талғамы жоғары болатын. Берік Жартасқа қарағанда, жастардың тілімен айтқанда «скромно» киінетін. Қарапайым киінсе де, әсем тұлғасына жараса кететін. Келбеті аса сұлу болмаса да, өзіне тән намысшыл мінезділігі, ер жігітке тән қасиеттері Берікті көрікті ететін.